Шымкент – Орта Азиядағы тарихы терең қала
Шымкент қаласы – Орта Азиядағы тарихы терең, мәдениеті бай ежелгі қаланың бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, жүздеген жылдар бойы көптеген оқиғалардың куәсі болған көне шаһар бүгінде қай жағынан алғанда да өсіп-өркендеу үстінде.
Сондай-ақ Шымкент еліміздегі үшінші миллиондық қала атанып, бөлек аймақ ретінде құрылды. Алматы қаласымен иық тіресіп бірге тұратын шаһарға айналды.
Жаңарып-жасарған, көркіне көрік қосқан Шымкент қазірдің өзінде Қазақстандағы өнеркәсіп, сауда және мәдени орталығы болып табылады. Қалада кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Өзге де сан-салаларда атқарылып жатқан жұмыстар қаншама. Яғни, таяу болашақта Шымкент қаласы халық пен инвестициялардың шоғырлану орталығына, ғылым мен білімнің ордасына айналатынына сенім мол.
Шымкент қаласы қашанда қонақжайлығымен, әсем де сұлу табиғатымен, көне ескерткіштерімен келушілердің назарын өзіне аударады. Қала тарихына үңілер болсақ, Шымкент қаласы туралы алғашқы жазба Шарафаддин Иаздидің Ақсақ Темір жорықтары туралы жазған «Зафар-наме» (Жеңіс кітабы) атты еңбегінде кездеседі. Ол еңбекте Ақсақ Темір 1365-66 жылдары Моғолстанға бара жатқан жорығында алдында жүріп кеткен әскері мен жүк артылған көліктерін Сайрам маңындағы Шымқала деген қоныста кездестірді деп жазады.
Ал, археологиялық қазба жұмыстары кезінде Шымкенттің 9 ғасырға дейін мәдени, сауда-саттығы дамыған қала болғаны анықталып отыр. Қытайдың атақты саяхатшысы Сюаньцзан сол заманда айналасындағы кішігірім қалалардың Шымкентке бағынатынын жазған. Ол Испиджабтың іргесіндегі қала Шымкент болуы мүмкін деген болжам айтады.
Бірақ археологиялық қазбалар Шымкенттің Шарафаддин Иазди жазған уақыттан көп бұрын пайда болған қала екенін дәлелдеп жатыр. Мысалы, өткен ғасырдың басында қаланың бұрынғы қамалының орнынан табылған бір еркек пен бір әйелдің мәйіттері зороастралық дәстүрмен жерленгені анықталды. Осындай анықтамалардан кейін ғалымдар бұл мәйіттің иелері осыдан 1500 жыл бұрын жасаған адамдар екенін мойындаған. Демек, заманымыздың V ғасырында бұл жер адамдардың үлкен қауымы тұрған қоныс болған. Басқа бір археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қолға түскен заттай айғақтар Шымкент аумағында адамдар V ғасырдан әлдеқайда бұрын тұрғанын әйгілейді. Бір кездері бұрынғы «Фосфор» зауыты маңайынан және қаладағы қазіргі «Май» комбинаты тұрған жерден табылған керамикалық бұйымдар заманымыздан ІІ мың жыл бұрынғы, яғни Андронов мәдениеті кезеңінің заттары екені анықталған. Ал «Химфарм» зауытының жанынан табылған қола қанжар біздің заманымыздан мың жыл бұрынғы Сақ дәуіріне жататыны дәлелденген.
Археолог, ғалым Бауыржан Байтанаевтың зерттеуінде айтылғандай, тоғызыншы ғасырдан кейін Исфиджаб алдыңғы орынға шықты. Қала мың жылға жуық уақыт Исфиджабтың көлеңкесінде қалып қойды. 18 ғасырдан бастап Сайрамның дамуы құлдырады, енді Шымкент жетекші қалаға айналды. Шымкент жазба деректерде Шарафаддин Иездидің Ақсақ темірдің жорықтары туралы жазған «Жеңіс кітабында» ұшырасады. Кітапта жалайыр тайпасынан шыққан қолбасшы Бахрамның Жетісуға кетіп қалғаны, ал қару-жарақтары мен арбаларының Шымкенттен табылғаны жазылған.
Мыңдаған жылдар бойы бірге дамыған, Орталық Азиядағы өзіндік мәдениеті, өзіндік орны бар қос қала –Шымкент пен Сайрам қазір бір мегаполистің аумағында жатыр. «Сансыз баптардың мекені» атанған Сайрам да Шымкенттің туристік әлеуетін дамытуға зор серпін берерін анық.
Бүгінде ескі қала орнында орналасқан көне қалашық та туристер көп келетін жер.
«Сайрам көне тарихы аңыздармен өрілген. Алайда біздің міндетіміз осы аңыз бен ақиқатты ажырату. Сайрамның 3 мың жылдық тарихы бар деген пікірмен ғылыми тұрғыдан келісу қиын. Қазба жұмыстары кезінде қаланың бірнеше жерінен мәдени ошақтар табылды. Тоғызыншы ғасырдан оның мәдени өрлеуі басталады» деген ғалымдар, Исфиджаб Қазақстанда ислам дінін қабылдаған алғашқы қалалардың бірі дейді. Ол мұсылман дінін таратушылардың негізгі тірек-қамалы болған. Тарихи деректерде қала қорғанының өте мықты екендігі, «олар қала сыртында ешкі сияқты, ал қамал ішінде жолбарысқа ұқсайды» деген сипаттама берілген.
Аз сөзбен айтар болсақ, Шымкент – Қазақстандағы өзінің тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қала. Ескі қалашықта аспан асты музейін салу арқылы еліміздің тарихи мақтаныштарының біріне айналдыру туралы шешім қабылданғаннан кейін бұл жерде жұмыс қыз-қыз қайнай түсті. Археологтардың бірлесе күш салуының арқасында келешек көрнекі жердің сегіз мың шаршы метр аумағында аршу жұмыстары жүргізілуі керек-тін. Сол аралықта ХІХ ғасырдағы қалалық цитаделдің тарихи тұрпатын қалпына келтіру үшін реставраторлар да қосылды. Құжат қабырғалар мен мұнараны, қырғын кезіндегі және бақылау алаңшаларын, кіру есіктерін қайта қалпына келтіруге жол ашты.
«Шым-қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері Н.Медетбекованың айтуынша, бүгінде мегополистердің біріне айналған үлкен қаланың іргетасы сол ескі елді мекеннен бастау алып отырғанын бүгінге дейін жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер.
– Қазіргі уақытта маңызды орталықтағы нысан ретінде мұнартып тұрған Шымкент қалашығы мен Цитадельдің шахристаны салыстырмалы түрде шағын, 4 гектарды құрайды. Осында жүргізілген 2003 жылғы ең алғашқы ауқымды зерттеулер Шымкент қаласы XIV ғасырда пайда болды деген пікірді бірден жоққа шығарды. Ғимараттың жоғарғы горизонттарында «әл-Махди» атымен V ғасырда соғылған «Бұхар-Худат» түріндегі монета, VII-IX ғасырлардағы ерте ортағасырлық қыш ыдыстар, ХІ-ХІІ ғасырлардағы «қарахандық типтегі» керамикалық бұйымдар табылды. Осылайша, Шымкент қалашығының барлығы стратиграфиялық қазбалардың қонысына айналды, - деді ғылыми қызметкер.
Жалпы «стратиграфиялық зерттеу» дегеніміз – белгілі бір археологиялық нысанның мәдени қабаттарын зерттеу. Былайша айтқанда, адам өмір сүру кезеңінде барлық тұрмыстық заттар (органикалық және бейорганикалық қалдықтар, оның ішінде сәулеттік және археологиялық құрылыстар ретінде), бір жерде жинақталады. Осылай жинақталған мәдени қабат бірте-бірте биіктігі бірнеше метрге жететін үлкен төбе пайда болады. Археологтар табылған артефактілер мен мәдени қабаттың әр сүйемін сантиметрмен кесіп, бекітеді. Сантиметрлер шифрланған, нөмірленген және зертханада зерттелген. Адамның қолы тимеген төменгі қабат археологияда «материк» деп аталады екен, ал оның үстіндегі мәдени қабат заттар ескерткіштің пайда болған күнін береді. Осылайша, Шымкент қалашығының аршылған мәдени қабаттарының қалыңдығы 14 метрді құраған.
– Шымкенттің ең төменгі қабатынан табылған заттардан б.з.д ІІІ ғасырдың аяғы мен б.з.д. II ғасырдың басына жататын керамика кешені құрастырылды. Бұл цилиндр пішінді ыдыстарда, қазандарда жасалған дөңгелек пішінді қызыл бұрышты тостағандар көне Соғдының урбанизацияланған қоныстарына тән. Мұндай керамика біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І ғасырлардағы Самарқандтың (Афрасиаб қалашығы) қала мәдениетінде ұқсастықтар табады. Бұл Самарқанд пен Оңтүстік Қазақстан арасындағы байланыстарды көрсетеді. Стратиграфиялық шұңқырдың қабаттары біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдан бастап, Орталық Азияда үстемдік құрған Грек-Бактрия мемлекеті кезеңін, оның шығысындағы орталығы Сырдария бойында болған Кангюй мемлекеті тұсындағы қала тарихын көрсетеді. Ал, Кангюй мемлекеті туралы алғашқы мәліметтерді б.з.д. II ғасырда Қытай саяхатшысы Сюан-Цзяньнің жазбаларынан табамыз. Ал, жоғарыда Отырар-Қаратау мәдени сюитасына VI ғ. жатса, бұл қабаттар б.з.д. І ғасырдан қалған мәдениет материалдарымен іргелес болды. Сонымен, Шымкенттің қала типіндегі елді мекен ретінде пайда болуы II ғасырға жатады, - деген дерекпен бөлісті Н.Медетбекова.