Ескерткіш – өткен тарихымыздың белгісі

Oinet.kz 28-08-2025 31

Әрбір ескерткіште ел тарихы, мәдениеті, рухани келбеті жатыр. Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар еліміздегі ең көне қалалардың бірі. 

Screenshot_33.jpg

Қала аумағы археологиялық ескерткіштерге бай, соның ішінде Шымкент қалашығының (б.з.д. ІІ-б.з.ХІХ ғ.ғ.) өз тарихы бар. Ескі қалашық Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде Бадам және Қошқар ата өзендерінің арасындағы биіктікте орналасқан. Қалашық біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың екінші жартысын қамтиды.

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері Н.Төлееваның айтуынша, Шымкент қаласында 2003-2004 жылдары жергілікті әкімшіліктің қолдауымен, 2004-2008 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Археологиялық қазба жұмыстарын археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев басқарған. «Жүргізілген қазба жұмыстарда көне шаһардың көптеген сырларын ашты, жәдігерлер табылды. Мәселен, 2003-2020 жылдардағы қазба нәтижесінде қаланың 2200 жылдық тарихы бар екендігін дәлелденді, - дейді Н.Төлеева.

Шымкент қаласы орталығында өзінің тарихи өзегі – Цитаделін сақтап қалған Қазақстандағы жалғыз шаһар. Ғылыми қызметкер қалашық өз заманында үш бөліктен: Цитадель, Шахристан және Рабаттан тұрған деген деректі алға тартты.

– 2019 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 2200 жылдық жасы белгіленіп, 2020 жылы Халықаралық іс-шаралардың тізіміне енгізілді. Бүгінде ескі қалашықта жүргізілген қазба жұмыстары әрбір кезеңнен мәлімет береді. Жалпы, қалашықтың жалпы аумағы 4,5 гектар аумақты қамтиды. Бастапқы келбеті сақталынған археологиялық аймақ – ашық аспан астындағы музей. Қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықта әртүрлі кезеңдердің мәдени қабаттары ашылған. Атап айтар болсақ, Х-ХІІ ғасырларға тиесілі Қарахан мемлекеті дәуірінің тұрғын үй жайларының орны табылды. Сондай-ақ ХVІ-ХVІІ ғасырларға тиесілі Қазақ хандығы тұсындағы тұрғын үйлердің орны сақталған. Бұдан бөлек, мұнда ХVІ – ХІХ ғасырларға тиесілі Жасанды су тоғаны, қазақ хандығы тұсындағы ұстахана, бекініс дуалдары және оған жапсарлас орналасқан казармалық бөлмелер, бекініс дуалдарында орналасқан мұнаралардың орындары, қалашықтың ішкі бекінісі – Цитадель орны,  ІІ-ІV ғасырларға тиесілі Діни ғибадатхананың орны, жер асты қоймасының орны және тағы басқа қазба орындары ашылған. Бұл атап өткен орындарға қарап, қаланың тарихы тереңде жатқанын көреміз, - дейді Н.Төлеева.

Археологиялық аймақтың 3 гектар аумағында мамандар қазба жұмыстарын жүргізіп, аймақ консервация және реставрациядан өткен. Бұл археологиялық нысан жасалуы мен дизайны жағынан өзінің түпнұсқасына жақын, бастапқы келбеті мен бекініс жүйесіне келтірілген. Шахристанның Оңтүстік шығыс және шығыс аймағына қазба жұмыстары жүргізіліп консервацияланған.

Ескі қалашықтың шығыс аймағында жануарлардың сүйектерінен, керамика бөлшектерінен төселген жол, тұрғын үй жайларының арасынан өтіп, шахристанның солтүстік бөлігіне дейін созылған. Бұл жолдың бойында қыш ыдыстар өндіру шеберханасы мен тереңдігі 12 метрді құрайтын құдықтың орны болғандығын болжанып отыр. Сонымен қатар, қалашықтағы қазба жұмыстардың нәтижесінде  цитадельдің оңтүстігінде орналасқан б.з. ІІ-ІV ғғ. ғибадатхана ашылды. Бұл діни ғибадатхана археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде толықтай консервацияланған.

Сондай-ақ кешен аумағындағы қазба жұмыстары нәтижесінде бөлмелер мен қорғаныс мұнарасы табылып, олар мамандардың көмегімен  қайта қалпына келтірілген. Қазіргі таңда экспозициялық залдары бар үш музей келушілердің назарына үсынылып отыр. Олар: «Цитадель музейі», «Жер асты бекінісі музейі» және «Ұстахана мен ұстаның баспанасы музейі».

Шымкент – Орта Азиядағы тарихы терең қала
Шымкент қаласындағы көне сәулет нысындарының өз ерекшелігі мен тарихы бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу