Шымкент қаласындағы көне сәулет нысындарының өз ерекшелігі мен тарихы бар

Oinet.kz 28-08-2025 38

Ел аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану ісі 2019 жылы 26 желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптарына сәйкес атқарылып, реттеліп келеді. 

Screenshot_34.jpg

Осы Заңның 5-бабына сәйкес, тарихи және мәдениет ескерткіштерге – Археология ескерткіштер; Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері; Ансамбльдер мен кешендер; Киелі объектілер; Монументтік өнер құрылыстары жатады. Соның ішінде археологиялық ескерткіштерге – тұрақтар, қалашықтар, көне кесенелердің, қоныстардың, бекіністердің, өндірістердің, арналардың, жолдардың қалдықтары, қорымдар, қорғандар, некропольдер, тас мүсіндер, петроглифтер, ежелгі елді мекендердің тарихи-мәдени қабатының учаскелері және адамның өмірі мен қызметінің ізі бар өзге де орындар жатады.

Мұндай орындар Шымкент қаласында көптеп саналады. Ал енді Шымкент қаласындағы көне тарихи орындарды саналап, сараптап көрелік. Тарихшылардың сөзіне сүйенер болсақ, Шымкент қаласы еліміздегі ең көне қалалардың бірі, оның тарихы 2200 жыл бұрын басталған. Бүгінде Шымкентте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген көне және қасиетті орындар баршылық.

Шымкенттің ең көне сәулет ескерткіші – «Жәми» Шыңғысбай қажы мешіті. Тұрғындар арасында «Ескі мешіт», «Қошқар ата мешіті», соңғы уақыттары «Шыңғысбай Дәуітұлы мешіті» аталып кеткен. «Жәми» атауы араб тілінен аударғанда «жамағат» деген мағына береді. Мешіт Шымкент қаласындағы Амангелді көшесі бойында орналасқан. Көне мешіттің құрылысы Орта азиялық Тәшкен-Ферғана сәулет стилінде тұрғызылған. Мешітті Шыңғысбай қажы Дәуітұлы 1881 жылы бастап, 1889 жылыға дейін толықтай салып бітірген. Оған қажетті сәулетші, шеберлерді Тәшкен қаласынан алдырып, құрылыстың барлық кезеңін өзі қадағалап отырған.

Кеңес өкіметі кезеңінде тәркілеу жүргізілген тұстары мешітті үкімет өз меншігіне алады. Сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери казарма, комиссариат, милиция ғимараты ретінде пайдалануға берілген. Соғыс аяқталғаннан кейін 1947 жылы халыққа қайта пайдалануға беріліп, діни рәсімдер өзкізуге рұқсат етілген. Бүгінде көне мешіт мемлекет қорғауына алынған. Онда діни рәсімдер ұйымдастырылып тұрады.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енген тағы бір сәулет ескерткіші – «Никольский» шіркеуі. Ол Шымкент қаласындағы Кен Баба саябағының артқы жағында орналасқан. «Никольский» шіркеуі XX ғасырдың бас кезінде тұрғызылған. 1920 жылы шіркеу жабылып, күмбезі алынып тасталған. Бұл сәулет құрылысы саяси өзгерістердің әсерінен ауылшаруашылық мектебі кейін пионерлер сарайы, мәдени және білім беру мекемелері болған. 1952 жылы сәулет құрылысының үшінші қабаты қосылады. Бұл нысан Шымкент қаласының Қазыбек би 34 мекенжайда орналасқан. Нәтижесінде 1983 жылы ғимарат қуыршақ театрына айналып, 2011 жылы қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта собор ғимаратында Облыстық мемлекеттік қуыршақ театры жұмыс істейді. Бұл ғимарат та мемлекет қорғауына алынған.  

Шымкет қаласы орталығында «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» тізіміне енген «Мәриям ана» кесенесі бар. Мешіт пен зират қатар орналсқандықтан, екеуі де Мәриям ана атымен аталды. Ол кесене Әмір Темір көшесіндегі 225 Б мекенжайында орналасқан. Бибі Мәриям ана жастайынан құлшылыққа бет бұрып, шариғат заңдарын мүлтіксіз орындаған, адам емдеген. Сондықтан Мәриям ананың құрметіне кесене тұрғызылған. Кесене уақыт өте келе ескіріп, оны 1996 жылы Ырысәлі Махкәмбаев атты қария өз қаржысына қайта жаңартып, өзі шырақшы ретінде қызмет еткен.

Сондай-ақ қаладағы «Әбділ-Әзиз баб» кесенесі де қасиетті нысандар тізіміне енген. Тарихи деректерге сүйенсек, 766 жылы Ысқақ баб басқарған араб жасағы қазақ даласына келеді. Осы жасақтың қолбасшысы исламды таратуда нағыз ерлік көрсеткен Әбділ-Әзиз баб болған. Ол кесене Шымкет қаласына қарасты Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабында орналасқан. Әбділ-Әзиз баб туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Оның білімділігі мен қайраттылығы, Ислам дініне берілгендігі халық арасында аңыз болып тараған. Ол бір аяқпен тік тұрып 39 күн ғибадат қылған, сол себепті Алла оған түрлі қасіреттен қорғайтын қасиет берген деген әңгімелер жиі айтылады. Бұл кесене соғыс, жаңбыр, өрт әсерінен көп зардап шеккен. Содан кейін кесене өз сұлулығын жоғалтқан. XIX ғасырда кесене қайта жаңартылып, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін пайдалануға берілген.

Шымкент қаласында тағы бір, тылсымға толы, тұрмыс құрмаған қыздарға аты мәлім «Қыз әулие» деп аталатын киелі орын бар. Бұл қасиетті орынға зиярат ету үшін тек Қазақстаннан ғана емес, АҚШ пен Үнді елінен де келушілер қатары көп. Бұл киелі орын қалаға қарасты Қаратау ауданы, Достық көшесінде орын тепкен. Ол XV ғасырда Әмірхан ордасы болған деседі. Пайғамбар ұрпағы саналатын Әмірханнан Шешуші деген баласы, одан Ділдәрбек тарайды. Ділдәрбектен Нұрзада есімді қыз дүниеге келіп, одан Қарлығаш, Сұлушаш, Қарашаш есімді қыздар тарайды. Қыздардың барлығы өжет, қайратты, талантты болып өскен. Қалмақтар қазақ жеріне шабуыл жасаған кезеңде бұл қайсар қыздар соғыста дәл осы «Қыз әулие» жерінде көз жұмған. Бұл қасиетті орынға бүгінге дейін келушілер саны азаймаған. Әсіресе тұрмыс құра алмай, құрсақ көтере алмай жүрген қыздар осы жерге келіп зиярат етеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдің ірі аймақтарында сталиндік қуғын-сүргін құрбандары жайлы жаппай айтылып, олардың тарихы қалыптаса бастаған кезеңде Шымкент қаласында қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Қасірет» мемориалды кешені тұрғызылды. Қазақ тарихында өшпес ауыр қасірет әкелген оқиға кез келген қазақ баласына жақсы таныс. Сол себепті аймақтағы бұл ерекше орын да «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енген. «Қасірет» мемориалды кешені. Байдібек би даңғылында орналасқан. 

Сонымен, жоғарыда аталған барлық көне сәулет нысындарының өз ерекшелігі мен тарихы бар. Сол себепті Шымкент шаһарындағы тарихи нысандар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне еніп, бабалар тарихын есте сақтауға мүмкіндік беретін ерекше орын ретінде мемлекет қорғауына алынған.

Ескерткіш – өткен тарихымыздың белгісі
Ұлттық мәдени құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау баршаға ортақ міндет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу