Ұлттық мәдени құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау баршаға ортақ міндет
Әрбір ұлттың кез келген азаматы өз елінің және туған өлкесінің тарихын білуі қажет. Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп атап өтті, үшінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.
Президент айтқандай, Шымкент қаласы аумағындағы тарихи-мәдени маңызға ие ескерткіштер мен рухани мұраны сақтау және насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Б.Орынтаевтың айтуынша, қала аумағында 80-ге жуық тарихи-мәдени мұра объектілері тіркелген. Олардың 30-ы археологиялық, 121-і монументтік өнер құрылыстары, 11 қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, 2-еуі киелі ескерткіштер. Оның ішінде 7-еуі республикалық, 8-і жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің қатарында.
– Шымкент қаласындағы ескерткіштер әрбір ұлттың тарихы мен өткенінен сыр шертетін байлығымыз. Ол елдің өткені мен бүгінін саралайды. Ұлттық мәдени құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау баршаға ортақ міндетіміз. Өйткені, оның келер ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі маңызы зор. Осы мақсатта, Шымкентте өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар он бес тарихи және мәдениет ескерткіштің жай-күйін бақылау мақсатында арнайы мониторинг жұмыстары жүргізіліп, біраз нысан жаңғыртудан өтті. Соның ішінде қаламыздағы республикалық маңызы бар Қожа Салық кесенесі бар. Оның қабырғалары мүжіліп, құзданып жатқанына байланысты қайта жөндеу жұмыстарын қажет ететіні анықталған болатын. Бүгінгі күні кесенені жауын-шашыннан қорғау үшін тісті шаралар атқарылды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алу, қорғау және мемлекеттік тізімге алуда тарихи-мәдени сараптама дайындалады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің жинағын құрастыру жоспарланды, - дейді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Б.Орынтаев.
Қожа Салық кесенесі Мәртөбеге баратын жолдың бойында орналасқан. Көне ғимаратты Сұлтан Мансұр тұрғызған. Төрт қырлы кесене кірпіштен салынған, нысанның ішінде жоғары көтерілетін баспалдағы бар. Дерекке сүйенсек, алғашқы кесене VI-ыншы, енді бір деректерде ХІ ғасырда салынған дейді. Бірақ тарихшылар қазіргі ғимарат ХІХ ғасырдың ортасында тұрғызылған дейді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында кесенеге жөнделіп, 1980 жылдары мемлекет қорғауына алынған. Соңғы рет тарихи нысанға 1990 жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстарынан өткен.