«Ұлт руханиятының абызы»

Oinet.kz 21-09-2025 36

Қаламыздағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлт руханиятының абызы» тақырыбында тағылымды еске алу кеші өтті. 

Screenshot_23.jpg

Бұл кеш «Kitap Time - 2025» фестивалі аясында ұйымдастырылып, жиынға Әуезов университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдары мен білім алушылары және мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Тағлымды басқосуды М. Әуезов атындағы ОҚЗУ зерттеу университетінің жас ғалымы, РһD докторант, Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті – Әзімхан Исабек жүргізіп отырды. 

Кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова  тұлғаның рухани ордада өткен талай іс-шараға белсенді қатысып, өз қолтаңбасымен кітаптар қалдырғанын ерекше атап өтті. Ғалымның шәкірттері – М.Әуезов атындағы ОҚЗУ Филология факультетінің деканы Әзімхан Ыбырайым, «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, ф.ғ.к., доцент Ақжол Қалшабек қайраткердің ұлт руханиятына, әдебиеттану ғылымына қосқан еселі еңбектерімен қатар, адами қасиеттері туралы бөліскен естеліктері жиналған қауымға үлкен әсер қалдырды. 

– Әдебиеттану ғылымында Абайтану саласы үлкен ғылыми салаға айналды. Осы салада үш тұлғаны ерекше атап өткім келеді. Олар – Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов және Мекеамтас Мырзахметұлы. Бұл салаға із салған ғалымдар өте көп. Бірақ мен атаған үш тұлға Абайға бүкіл  өмірін арнаған азаматтар, деді өз сөзінде Ақжол Қалшабек. Жазушы-драматург З.Қыстаубайұлы, жазушы-журналист Қ.Дүйсенбі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі С.Исақ әдебиеттану ғылымында елеулі із қалдырған ғалымның өнегелі өмірі мен шығармашылығынан сыр шертті. 

Кеш барысында келушілер назарына ұсынылған бейнеролик пен кітап көрмесі Абайтану ғылымының тереңдігін тағы бір қырынан көрсетті. Бұл іс-шара тек Мекемтас Мырзахметұлының шығармашылығын ғана емес, сонымен қатар оның өмірі мен қазақ халқының рухани дамуына қосқан өлшеусіз үлесін де тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерінің ішінде "Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары" (1982), "Қазақ қалай орыстандырылды" (1993) және Абай мұрасына арналған көптеген зерттеулері бар. Оның еңбектері Абай шығармашылығын жаңа қырынан ашып, шығыстық таным тұрғысынан талдап, ғылыми айналымға енгізді.

Ол тек абайтанумен шектеліп қалмай, Бауыржан Момышұлының өмірін зерттеуге де үлкен үлес қосты. Бауыржантану ғылыми орталығына жетекшілік етті.

Отбасы институты құндылығы насихатталды
«КІТАП time - 2025»: Оқы. Ойлан. Өзгер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу