Ұлттық кимешек - той-мерекелер ғана сәні ме?
Кимешек — қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімі. Ол әсіресе жас келіндер мен жасы үлкен әйелдерге арналған, киелі де тәрбиелік мәні зор киім үлгісі.
Қазіргі таңда кимешекті әжелеріміз той-мерекелер мен салт-дәстүрлік шараларда ғана кие ма? Жалпы оны қай жастағы аналар кию қажет? Халықтық дәстүрімізді зерттеген Әуезов атындағы ОҚУ-нің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Қалыбекованың деректерін ұсынсақ.
– Аягы ауырлаған алгашқы айларда, жас әйелдің қалыңдық киімін киіп жүруі жарасымсыз саналған кезеңде, бірінші кимешекі кигізуге байланысты шағын ғұрыптық ас әзірленген. Кимешек күйеуі бар әйелдің бас киімі, оның бөлшектері адамның жасына байланысты бірте-бірте өзгеріп отырған. Әдетте ол екі бөліктен құралған: төменгі кимешектің өзі және жоғарғы жағы — кимешектің үстінен оралған сәлде тәрізді. Екі бөлігі де ақ матадан тігілген. Қазақ киімін зерттеушілердің жазуынша үйлену тойындағы бас киімнен кейін жас әйелге алғаш рет кигізілетін кимешек бәрінен де сәнді болған. Бетіндегі ойығы кестеленген, зерленген, күміспен, маржанмен, шытыра моншақпен әшекейленген. Бірінші кимешекті кигенде әйелдерді қонаққа шақырған. Оны қайын енесі ұйымдастырып, күйеудің ауылындағы жасы үлкен әйелдер шақырылған. Олардың біреуі жас әйелге кимешек кигізіп, сол үшін оның қайын енесінен сыйлық алган.
Дәстүрлі талап бойынша жас келін алгашқы кезде жаңа жағдайынан өзінің қандас туыстары (төркіні) алдында қысылуы тиіс. Үйленгеннен кейін ата-анасының ауылына алғаш рет төркіндеп барғанда ол күйеуі бар әйелдің көйлегін кимейді. Біздің Орталық Қазақстаннан жиған далалық материалдарымызға сүйенсек, жас келін ата-анасына бірінші рет төркіндеп барғанда төмендегідей әзіл-қалжың-ғұрпы жасалған. Жас әйел өз туыстары алдында кимешекпен көрінуге ұялған. Жас жігіттер, әйелдің құрбы-құрдастары кимешекті күштеп кигізіп, қолын артына қайырып, төркіндеріне алып барған. Сол үшін байғазы сұраған. Бұл ғұрып жас келіннің құрбы-құрдастары, жас жігіттер арасындағы күлкілі күрес сипатында болған.
Бас киімнің мән-мағынасына тоқталсақ, ол — инабаттылықтың, аналық мейірімнің, әйелге тән сыпайылықтың белгісі. Келінге кимешек кигізу — оны енді отбасыға қабылдап, үлкен әйелдер қатарына қосты дегенді білдіреді. Бұл — тек киім емес, рухани-мәдени символ. Кимешектің түрлері:
- Сырмақ кимешек – өрнектеліп, тігіліп әшекейленеді.
- Оюлы кимешек – кестеленіп, моншақ, жіппен өрнек салынады.
- Жетісу, Арқа, Сыр өңірі сияқты аймақтарда кимешектің өзіндік үлгілері бар.