Қазақ дәстүріндегі «оң жақ босаға» ұғымы нені білдіреді?
Қазақтың шаңырағы – қасиетті, киелі ұғым. Ол – отбасының, бірліктің, тұтастықтың, ұрпақ сабақтастығының нышаны. Шаңырақ асқақтаған сайын, елдің де, отбасының да берекесі артады деп сенген.
Сондықтан да қазақ халқы шаңырақты құлатуға болмайды деп, оны аман сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп отырған. Кезінде ата-бабаларымыз киелі шаңыраңындағы оң жақ босағаны қадірлеген. Неліктен? Әуезов атындағы ОҚУ-нің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Қалыбекова салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, наным-сенімдерімізді терең зерттеген, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді іздестіріп, қайта зерттеп, ұлтымызға қайтарған шымкенттік ғалымдарымыздың бірегейі. Оның «оң жақ босаға» ұғымы туралы қызықты әрбір қазақ білуі қажет мәліметті жазып алған болатынбыз:
– Оң жақ (ерлер) киіз үйдің барынша қасиетті жағы саналған. Ол тіршілік циклінің ең маңызды көшпелі кезеңдерін атап өтетін ғұрыптарды өткізу орны болған. Ішіндегі мекендеушілердің әлеуметтенуіне байланысты киіз үй символикасының мәні айрықша зор. Киіз үйдің оң жақ бөлігі ғұрыптық ауысу идеясымен көбірек байланысады. Қазақтар осы бөлікте әйел босандырған; үйлену тойы кезінде қалыңдықты киіз үйдің осы бөлігіне шымылдықтың артына отырғызған, мұсылмандықтың неке қию рәсімінде де жас-жұбайлар осы жерде болған; өлген адамды жуындыру және соған қатысты ғұрыптар да осы бөлікте жүзеге асырылған. «Қалыңдықтың ауылы қызды алуға келген күйеуге жеке үй тіккен, оның ішінде күйеуге арналған орын «оң жақ» болған. Бұл орын күйеу жігіттің одан кейін де отыратын тұрақты белгіленген орны болған.
Қазақ халқының дәстүрінде «оң жақ» пен «босаға» ұғымы — қыз балаға қатысты ерекше мағынаға ие. Бұл сөздер тек физикалық орын емес, терең тәрбиелік, әлеуметтік мәнге ие: Оң жаққа отырғызу деген не?
- Қыз бала бойжетіп, келіндікке лайық жасқа жеткенде, ол «оң жаққа отырғызылды» деп есептеледі. Бұл — оның енді бала емес, бойжеткен қыз екенін білдіреді. Қызды оң жаққа отырғызу — қалыңдыққа әзірлеудің белгісі, яғни тәрбиелеу, салт-дәстүрлермен сусындату кезеңі. Оң жақтың тәрбиелік мәні зор. Қыз бала оң жақта отырғанда анасы мен жеңгелері, кейде әжесі оған келін болудың қыр-сырын үйреткен.Үй шаруасына, қонақ күтудің әдебіне, үлкенді сыйлау, ибалық, сыпайылық — бәрі осы кезеңде берілген. Бұл кезең — ананың ақылын тыңдайтын, тәрбиелік үлгі алатын уақыт. Ал босағаның символы қазақ ұғымында— отбасының беріктігі мен киесі.Қыз бала тұрмысқа шыққанда, өз отауына босаға аттап кіреді — бұл оның жаңа отбасына қабылданғанын білдіреді. «Оң жақтан ұзату» — қызды ақ босаға аттатып, ақ жолмен шығарып салу. Бұған «Оң жақта отырған қыз бір күнде кетеді» – қыз баланың тұрмысқа шығуы кез келген уақытта болуы мүмкін екенін білдіреді. «Босағада отырған келін – отбасының ұйытқысы» – келіннің үйдің тұтастығына жауапты екенін көрсетеді.