Үлкенді сыйлау әдебін қалай қалыптастырамыз?
Қазақтың халықтық тәрбие жүйесінде «үлкенді сыйлау» ұғымы ғасырлар бойы ұлттың рухани негізі, өмірлік қағидасы болып қалыптасты.
Ата-анаға құрмет көрсету, жасы үлкенді ардақтау, ақылын тыңдап, батасын алу – әр қазақ баласының бойына сіңірілген басты қасиеттердің бірі болатын.
Өйткені қоғамдағы орына алып жатқан жағдайлар ойландырмай қоймайды. Халықтық дәстүрімізді, отбасы құндылығын тереңінен зерттеп жүрген Әуезов атындағы ОҚУ-нің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Ахметқызы балаларды отбасында тәрбиелеуде жүйелілік пен сабақтастық ұстанымын сақтаудың маңызы зор дейді. Ол халқымыз тәрбиені ерте жастан бастау керектігін үнемі айтып отырғанын, оған дәлел «Тәрбие тал бесіктен», «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді» деген мақал сөздер дегенді айтты.
– Ә.Диваев «Қазақтардың бала ойнатуы» деген мақаласында: «Қазақтардың арасында аз ғана уақыт болған адам олардың балажандығын жақсы біледі» деп жазыпты. Жас ұрпақты қартайған ата-анасына қамқор болуға жауапкершілік сезіміне тәрбиелеу идеясы «қара шаңырақ», «кенже ұл» ұғымдарына негіз болған. Балалардың үлкендер алдында орындауы тиіс ережелер бар: үлкеннің жолын кеспе, өскенде елге қадірсіз боласың; үлкендердің әңгімесіне араласпа және тың тыңдама, бөгет жасамай шығып кет, әйтпесе керең боласың: үлкендерге үнемі «сіз» деп сөйле және тағы сондайлар. Үлкендер де, өз кезегінде, балаларға қамқорлық жасайды, оларды жақсы көріп, тиісінше көңіл бөледі, өз білімін балалармен қарым-қатынас барысында, мәжбүрлемей-ақ үйретеді. Отбасындагы бірде-бір салтанат олардың қатысуынсыз өтпейді, жастар олардан ақыл сұрайды, пікірлерін сыйлайды, қарттық өмірін алаңсыз өткізуіне жағдай жасауға тырысады,- дейді ғалым.
Бүгінгі ұрпақ үлкенді сыйлауды жаңаша жаңғыртып, отбасы мен оқу ордаларында, қоғамдық ортада осы тәрбиені күшейтуі қажет. Ұлы Абай: «Ата-анаға көз қуаныш – бала деген...» деп бекер айтпаған. Сондықтан аға буынды ардақтау – әрқайсымыз үшін парыз. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық тәрбиені нығайтудың бірден-бір жолы.
Асма Ахметқызы бала тәрбиесінде әке мен баланың қарым-қатынасындағы даналықтың маңызын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бала тәрбиелеудегі ең терең әрі күрделі даналық — әке мен бала арасындағы өзара түсіністік, тәлім мен өнеге, рухани байланыс. Әке тәрбиесі – ұлға қайсарлық, қызға қайрат пен қамқорлықтың үлгісі. Сол себепті де, отбасы құндылықтарының бастауы болып саналатын әкелік рөлдің тәрбиедегі орны ерекше екенін жеткізді.