Бесік жырын айтатын аналар азайған жоқ

Oinet.kz 17-09-2025 40

Қазақ халқының әдемі дәстүрінің бірі – дүниеге келген сәбиге бесік жырын айтуы. «Нәресте екі-үш айға дейін ақпаратты тек құлақпен алады екен» дейді салт-дәстүрімізді зерттеуші, Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының аға ғылыми қызметкері Жасұлан Исабаев.

Screenshot_17.jpg

– Ал бесік жырында елге қызмет етуге, батыр болуға, ғалым болуға көпке пайдасы тиетін азамат болуға үндейтін сөздерден тұрады. Осындай жақсы сөздерді анасынан есту арқылы баланың болмысы түпсанасы қалыптасады. Бесік жырында көп айтылатын «әлди, әлди» сөзінің түбірін тілді зерттеуші ғалымдар «Алла-ай, Алла-ай» сөзінен шығады деп келтіреді. Қазақ тілінің заңдылығы бойынша екі «л» дыбысы қатар келгендіктен дыбыс үндестігіне орай бірі «д» әріпіне өзгереді. Сондықтан «молла» сөзі «молда», «Алла» сөзі «Алда» деп өзгеріске ұшырайды. Алдаберген деген кісі есімдерін де көптеп кездестіреміз. Көршілес Өзбек халқының бесік жырында әлі күнге дейін «Алла-ай», «Алла-ай» сөзі қолданылады екен. Жас ананың жаңа туған нәрестеге бесікті тербете отырып айтатын бесік жырын ұмыт қалдырмай жаңғыртып үнемі дамытып отыруымыз заман талабы, - дейді зерттеуші.

Дәстүрлі бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: «Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!» деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. 

Жасұлан Исабаев ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болғанын және бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілгенін айтады. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы "Алла-наме", "Әлдинаме" деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. "Аналар әлдисіз жасай алмас" деген нақыл сөз содан қалған дейді.

Міне осындай бесік жырларын бүгінгі күні жас аналар жаттап бесікте жатқан бөбегіне әуенімен айтып беріп отырса салт-дәстүрлеріміз жойылмай тарихи тізбек өз жалғасын таба бермек. 

Қазақылы сақталған өңірімізде баланы бесікке салу дәстүрі сақталған. Яғни бесік тербетіп, бесік жырын айтатын аналар да көп. Жаңа туған сәбиді алғаш рет бесікке бөлегенде әжесі, анасы немесе үлкен әйел адам арнайы жыр айтып, оны әлдилеп ұйықтатады. 

Ал педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Ахметова ұл және қыз балаларға бөлек бесік жыры айтылғанын айтады. Қыз балаға «әлди, әлди, ақ балам, айналайын көзіңнен, әуедегі жұлдыздай, суда жүзген құндыздай...» десе, ұл балаларға «Жылама балам, жылама, ақырып жауға тиісіп, батыр болар ма екенсің, түрлі ою ойысып, ұста болар ма екенсің..» деп бесік жырын айтқан дейді.

Бесік жырлары қаншама ғасырлар өтсе де ұрпақтар үшін сақталып келеді.

Халықтың жаны – оның салт-дәстүрінде
Кітап оқу мәдениеті талқыланған көшпелі отырыс өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу