Құрылыс саласында жаңа технологиялар енгізіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында құрылыс сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударды.
Президент өз сөзінде жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтіп, соның ішінде ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін (Building Information Modeling, BIM) кеңінен қолдануды тапсырды.
Аталған әдіс құрылыс саласында жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нысандардың сапасын арттыруға, қаржылық шығындарды оңтайландыруға және құрылыстың ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашады.
Осы бағытта ағымдағы жылы елімізде жалпы көлемі 1 370 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл шара халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыруға және құрылыс саласының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Айта кетейік, құрылыс – кез келген мемлекеттің инфрақұрылымын қалыптастыратын, экономиканың ілгерілеуіне серпін беретін маңызды сала. Қала мен ауылдардың көркеюі, тұрғын үй қорының молаюы, өндірістік нысандардың бой көтеруі осы саланың даму деңгейімен өлшенеді. Бүгінгі таңда құрылыс индустриясына жаңа технологияларды енгізу – уақыт талабы әрі елдің тұрақты дамуының кепілі.
Ең алдымен, жаңа технологиялар құрылыс сапасын арттырады. Заманауи материалдар мен автоматтандырылған құрылғылардың көмегімен ғимараттардың беріктігі мен ұзақ мерзімділігі қамтамасыз етіледі. Бұл халықтың қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, экономикалық тұрғыдан да тиімді, өйткені сапалы салынған нысанға қосымша жөндеу шығындары аз жұмсалады.
Сонымен қатар, инновациялық технологиялар құрылыс қарқынын жылдамдатады. 3D-баспа арқылы үй тұрғызу, модульдік құрылыс әдістері, роботтандырылған техника – қысқа мерзімде үлкен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл урбанизация үдерісін қолдап, тұрғын үй тапшылығын азайтуға септігін тигізеді.
Экологиялық аспектіні де ескерген жөн. Жаңа технологиялар энергияны үнемдеуге, қалдықтарды қайта өңдеуге және «жасыл» стандарттарға сай ғимараттар тұрғызуға жол ашады. Мұндай тәсіл қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартады.
Құрылыс саласында цифрлық жүйелерді енгізу де үлкен мәнге ие. BIM-модельдеу (ғимараттың ақпараттық үлгісі), смарт-басқару жүйелері, автоматтандырылған жобалау – жобалардың дәлдігін арттырып, шығындарды азайтады. Бұл өз кезегінде саладағы ашықтықты, тиімділікті қамтамасыз етеді.