Жас археологтар қазба жұмыстарына қатысуда
Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттер елімізге танымал ғалымдардың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстарына белсенді қатысуда.
Атап айтқанда, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің тарих факультетінің 1-курс студенттері университеттің археологиялық жасағымен бірге далалық ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысады. Жалпы археологиялық жәдігерлер — адамзат өркениетінің ежелгі кезеңдерінен сыр шертетін материалдық мұралар. Бұл — көне заманнан қалған қыш ыдыстар, металл бұйымдар, қару-жарақ, әшекейлер, тасқа қашалған жазулар, тұрғын үй қалдықтары және т.б. жәдігерлер арқылы өткен дәуірдің тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, наным-сенімін, шаруашылығын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Қазба жұмыстары барысында табылған тарихи жәдігерлер оқу ордасының Көрме орталығына және Мемлекеттік орталық музейге өткізіледі. Бұл – студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, отандық тарихқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды іс-шара.
– Биыл университеттің археологиялық жасағына 61 жыл толды. Далалық маусымда студенттермен бірлесе 10 шақты жазба текше бөлік, прото соғды жазуы табылды. Күлтөбе қорымдарының №33,34 обаларына қазба жұмыстары жүргізілді. №33 обадан жауынгердің қаңқа сүйектері және оның қолданған заттары табылды.Олар: семсердің ұзындығы -1м, қыш ыдыстар,ғұрыптық ыдыс- түтеткі, қайрақ тас, тоға, пышақ және қанжар, медициналық құралы яғни хижамада қолданылған. Сонымен қоса құрбандық асы да анықталды. Еденіне қамыс төселіп, содан кейін мүрдені қойған.Мүрде жасы 35-40 аралығында болған. Қанжар сабы сүйектен жасалған. №34 обада тек ыдыс ғана анықталды. Қорғандар сол заманда бірнеше рет тоналған, деп мәлімет берді университеттің баспасөз қызметі.
Университеттің I курс студенттеріне өткізілетін археологиялық іс-тәжірибе т.ғ.д профессорр А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен биыл да өз жалғасын тапқан. Биыл іс-тәжірбиеден өтуге тарих факультетінен 52 студент қатысқан. Іс-тәжірибе кезінде студенттер т.ғ.д., профессор А.Н.Подушкиннің лекцияларын тыңдап, теориялық білімдерін практика жүзінде шыңдауға мүмкіндік алды.
Тәжірибе барысында студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап берілді.Болашақта археолог болмаса да,археолог мамандығын аса сабарлықпен, төзімділікпен, еңбекқорлықпен келетінін студенттер өз көзімен көрді. Ұлттық жәдігерлерімізді қолдарымен ұстап бір табан ежелгі дүниеге жақындай алды. Археологиялық тәжірибе студенттердің естен кетпейтін қызықты сәттері болып қалды.