Тәрбие – ұлттық құндылықтың өзегі
Ол ұлттың болмысын, салт-дәстүрін, тілі мен ділін ұрпақ санасына сіңірудің басты жолы. Тәрбие арқылы адамға тек жақсы мен жаманды ажырату ғана емес, сонымен қатар, елін сүю, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, адалдық пен әділдік секілді асыл қасиеттер дарытылады.
Ұлы Абай да өзінің қара сөздерінде тәрбиеге ерекше мән беріп, адамның адам болуына алдымен тәрбие себеп екенін айтқан. Шымкенттік педагог-ғалымдар бұл тұрғыдан қандай пікірде және бұл бағытта үшінші мегаполистегі ЖОО-да қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Ш.Б.Сембиева, М.Әуезов атындағы ОҚУ педагог-ғалымы:
– Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекті оның өміріне апат әкеледі» деп Әл-Фараби айтқандай, педагогика ғылым зерттейтін негізгі категорияларының бірі – тәрбие. Тәрбие – педагогика ғылымының негізгі категорияларының бірі ретінде адам тағдырын болжауға, оның рухани өмірінің іргетасын қалауға ықпал етеді. Тәрбие – таным мен үлгі, адамның жақынмен де, алыс пен де нәтижелі қарым-қатынас орнатуына көмектесетін маңызды құрал. Ол ұлы тұлғалардың өсиеттерін сақтап, адамгершілік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Орыс мәдениетінің көрнекті мемлекет қайраткері Е.Р. Дашкова: «Адамгершілік тәрбиесі арқылы балаларды шыдамдылыққа, кішіпейілділікке, ар-ождан ережелерінің бәріне бағынуға, тәртіптілікке баулимыз. Ақылгөйсу арқылы емес, жүректеріне нәзік жолмен әсер етіп, Отанға деген сүйіспеншілік пен шындықты құрметтеуді үйретеміз. Ата-ананы сыйлау, өзімшілдіктен жирену – міне, осының бәрі адамды қоғаммен байланыстыратын жіпті үзбеуге көмектеседі», – деп айтқан.
Г.Ш.Қаппарова, педагог-ғалым:
– Адамгершілікке тәрбиелеу бағытына мән берген абзал. Адамгерлішіктің негізгі белгісі - өнеге. Өнегелілік - мәдениеттің айқындаушы негізі. Өнегеліліктің қалыптасуы мәдениет дамуыныі басты мәселесі. Өнегелі немесе адамгершілік сана - адамның қарым-қатынасынан, оның эмоционалдық іс-әрекетінен, мінез-құлқынан көрінеді. Өнегелілік адамның жас күнінен бастап, ата-ананың үлгісінен басталып ағайын-туыстың, жора-жолдастың ыкпалымен, мектеп тәрбиесімен қалыптасады. Өнеге адамдардың бір-біріне, қоғамға деген міндеттері мен қарым-катынастарын анықтағанда көрінетін, олардың тәлім-тәрбиелілігі, үлгілігі, саналылығы, ережелерінің жиынтығы. Сонда өнеге адамгершіліктің көрінісі болып тұр. Адамгершілік жан деңгейінде қалыптасып орнығатынын, тіпті бақыт та қайырымдылықпен келетінін ғалым К.Д.Ушинский де «...счастье - это некая деятельность души в полноте добродетели» деп пайымдайды.
Ұлы Абай да өзінің қара сөздерінде тәрбиеге ерекше мән беріп, адамның адам болуына алдымен тәрбие себеп екенін айтқан. Себебі ұлттың рухани байлығы, мәдениеті мен өркениеті – тәрбиелі ұрпақ арқылы жалғасады.