Білім бағдарламасы «Жәнібековтану» пәнімен толықты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде «Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық.
Сөз жоқ. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн» деген болатын. Осы мақсатта Шымкентте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің шығармашылық мұраларын насихаттауда студенттерге арнайы «Жәнібековтану» пәні оқытылатын болды.
Бұл туралы университетте өткен «Өзбекәлі Жәнібеков және Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» атты іс-шарада университет Басқарма мүшесі-Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек мәлімдеді.
Бұл пән арқылы студенттер оның өмір жолын, мәдениет пен руханиятты дамытудағы рөлін, ұлттық сана мен патриотизмге қосқан үлесін терең меңгереді. Ұлы тұлғаның есімімен пән ашу — оның мұрасын сақтау мен жастарға насихаттаудың ерекше тәсілі.
– Оқу ордасында арнайы Өзбекәлі Жәнібеков орталығы ұлт тұлғасының мұраларын жинақтап, туыстарымен байланыс орнатып, еңбектерін насихаттаумен айналысады. Бұдан бөлек дәстүрлі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, жас ақындар айтысы ұйымдастырылып келеді.Екі докторант ғылыми зерттеумен айналысуда, - деді Б.Исабек.
Атап өтейік, оқу ордасындағы Өзбекәлі Жәнібеков орталығында білім алушыларға тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі, рухани мұралары және олардың қоғамды дамытудағы орны мен маңыздылығын түсіндіру, қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтің еңбектерімен таныстыру бойынша жұмыстар атқарылады.
Өзбекәлі Жәнібеков — ұлттың рухани тірегі, мәдени жаңғырудың негізін қалаушы. Оның еңбектері — бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның рухани іргетасына айналды. Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.