«Ұлылардың ұрпағымен жүру қандай ғанибет»

Oinet.kz 16-09-2025 40

Абай мұрасын зерттеп жүрген Шымкенттік жас ғалым,  PhD доктор Әзімхан Исабектің еңбектері ел руханиятына қосылған елеулі үлес. Жас зерттеушінің ғылыми ізденістері – Абай мұрасын жаңаша қырынан ашуға, жастар арасында ақын ілімін насихаттауға бағытталған.

Screenshot_4.jpg

Бұл – тек ғылыми еңбек емес, ұлттың рухани әлеміне қосылған құнды мұра. Ғалым Абайдың мұрасын қорымға көміп, аман сақтаған - Рақымбай Мүрсейітұлы ақсақал туралы да деректерді зерттеуде.

–1930 жылғы ашаршылық зұлматында елдің басына қатер төнгенде Абайдың әдеби хатшысы, Мүрсейіттің баласы - Рақымбай (лақап аты - Қисық) әкесі көшірген Абайдың жауһар туындыларын Шолпан адырына көміп, бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болған аяулы жан. Бұл туралы біз жаңадан шыққан кітабымызда жан-жақты айтып өттік. 

«1932 жылы халық барынан айырылып, жаппай аштыққа ұшырағанда Шолпандағы қоражай, салулы төсек, салқын үй, қасиетті атақонысты тастап, шешем Мағрипа екеуі менен кейінгі Нұритдин, Нәзипа деген екі бауырымды алып, Ақшоқы, Тақырбұлақ арқылы Қарауылға бет түзепті. …Әкем хат танымай-ақ, қиындық тауқыметімен сан рет бетпе-бет келсе де, ашаршылықпен ауып бара жатса да, әкесінің қолжазбасын Шолпандағы шешесі Ажардың қабірінің бас жағына су өтпейтін затқа орап, көміп кетіпті. Зұлмат жылдар өтіп, халық өз қоныс аймақтарына орала бастаған кезде, әкем де Қасқабұлаққа келіп, колхозға мүше болады. Қай жылы екенін тап басып айта алмаймын сол кезде Мұхтардың арнайы тапсырмасымен Алматыдан әкеммен жерлес, ескі замандас руы Көтібақ Сармұрзаның Ғайсасы келіп, Мүрсейіт қолжазбасына сұрау салған. Әкем Шолпандағы шешесінің қабірінің бас жағын қазғанда, еш жері бұзылмай сақталған атамның қолжазбасын Ғайса арқылы Алматыдағы Мұхтарға жөнелтіпті», деп жазады Мүфтибек Рақымбайұлы өз естелігінде,- дейді абайтанушы ғалым.

Әзімхан Исабек Семей өңірінде өткен Абайдың 180 жылдық мерейтойында Мүрсейіт атамыздың ұрпақтарымен бірге Рақымбай ақсақал жерленген бейітке барып, арнайы дұға жасап қайтқан. Ұлылардың ұрпағымен жүру қандай ғанибет десеңші!

Ұлыларды ұлықтау – ел тарихы мен руханиятын дәріптеудің бірден-бір жолы. Бұл бағытта зерттеу жүргізу – ғалымдарға артылған зор жауапкершілік. Себебі олар ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын терең талдап, келешек ұрпаққа шынайы әрі құнды деректерді жеткізуі тиіс. Әрбір ғылыми тұжырым – ұлт жадында қалатын рухани қазына, ал оны зерттеу – білім мен парасатты қажет ететін абыройлы іс.

Білім бағдарламасы «Жәнібековтану» пәнімен толықты
Қоғам қайраткерін ғылыми тұрғыда зерттеу – ел тарихындағы маңызды кезеңдерді терең ұғындырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу