Ұршық – ұрпаққа аманат
Жуырда Абай елінде өткен «Жеті қазына» республикалық байқауында ұлттық дәстүріміз бен салт санамызды жаңғыртқан байқауда Шымкенттік Ақмарал Құдайбергенова ұршық иіру сынынан да сүрінбей өтіп, мегаполиске жеңіспен оралған болатын.
Қазақ мәдениетінде ұршық иіру – тек тұрмыстық қажеттілік емес, ұрпақ тәрбиесінің, қолөнер мұрасының бір бөлігі саналған.
Ақмарал Құдайбергенова сынды ісмерлер – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген жандар. Осындай байқаулар арқылы ұмыт бола бастаған ұршық иіру сияқты өнер түрлері қайта жанданып, халықтың назарын дәстүрлі өнерге аударады. Бұл – ел руханиятының жаңғыруына қосылған сүбелі үлес.
Ұршық – біздің аналарымыздың қолынан түспеген, тұрмыстың тірегі ғана емес, тәрбиенің де құралы болған қасиетті бұйым. Әжелеріміз ұршық иіре отырып, қыздарына еңбекқорлықты, төзімділікті, сабырды үйреткен. Әрбір жіптің иірілуінде мейірім де, шыдамдылық та, ұрпаққа аманатталған дәстүр де жатыр. Менің қолыма тиген ұршық – анам Баянның көзіндей болған мұра. Анамның қолының табы қалған сол ұршық бүгінде мен үшін тек жіп иіретін құрал емес, ұрпаққа жеткізер қастерлі қазына. Ұршықтың әрбір айналысы – уақыттың ағысы секілді. Әрбір жіптің иірілуі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өмірдің жібіндей. Бүгін біз иірген жіп – ертеңгі күннің өрнегіне айналады. Сондықтан ұршық – ұрпақ жалғастығының символы.
Мен осы байқауда ұршық иіре отырып, ата дәстүрдің ұмытылмай, келер ұрпаққа жетуінің қаншалықты маңызды екенін тағы бір сезіндім. Бүгінгі балаларымыз ұршықтың қадірін білсе, онда олар тек еңбекқор ғана емес, тамырынан нәр алған ұлтжанды болып өседі.
Шымкент қалалық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр ортылығында ұршық иіру бойынша қала қонақтары мен туристерге арналған шеберлік сабақтары жиі ұйымдастырылады.
– Ұршық көбіне ағаштан, кейде сүйек пен темірден жасалады.Ұршықтың басына салмақты диск немесе қоңырау тәрізді тас, ағаш не темір бекітіледі. Ұршық иірудің мәні мен маңызы зор. Қазақ әйелдері мен қыздары жіп иіруді ертеден меңгерген. Иірілген жіп киіз басу, алаша, кілем, ши тоқу, киім тігу сияқты басқа да тұрмыстық бұйымдар жасауға қолданылған. Бұл кәсіп – әйелдің шеберлігі мен ұқыптылығын көрсететін өнер болған. Ұршық иіру барысында әйелдер әңгіме айтып, өлең шырқап, жыр айтып, тәрбиелік мәні бар әдет-ғұрыптарды да үйреткен. Ал мәдени және тәрбиелік мағынасына келсек, ұршық – тек құрал емес, сонымен қатар ұлттық болмыстың, еңбекке баулудың, қыз тәрбиесінің бір көрінісі. "Ұршықтай айналды", "ұршығын тастамайтын қыз" деген теңеулер қыз баланың ептілігі мен еңбекқорлығына қатысты айтылады, - дейді орталықтың қызметкері А.Леубаев.