Қызметтен кімдер кетіп, кімдер келіп жатыр?
Түркістан облыстық әкімдігіне қарасты басқармаларда жақын арада жаңа тағайындаулар жасалады. Бұлардан бөлек күзде Президент Әкімшілігіне ауысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен жуырда Ақтөбе облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып кеткен облыс әкімінің тағы бір орынбасары Талғат Қозыбековтің орны да бос тұр.
Қысқасы, облыс басшысы Нұралхан Көшеров жылқы жылын жаппай кадрлық тағайындаулармен бастағалы тұр. Бұған дейін мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ротациялық мерзімінің бітіуіне байланысты қызметтен кеткені айтылған (әзірге бұл жөнінде ресми ақпарат таратылған жоқ). Әзімхан Қойлыбаев бұл басқарманың басшысы қызметіне 2020 жылы тағайындалған болатын.
Сонымен бірге облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов те атқарып отырған лауазымынан босатылды. Ол туризм басқармасына былтыр қыркүйекте тағайындалған болатын. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, жақын күндері экс-басшы Кентау қаласы әкімінің орынбасары болуы мүмкін.
Бұдан бөлек облыстық әкімдікте екі жылдан бері білім басқармасы басшысының креслосы бос тұр. Айтпақшы, жуырда Әдеп кеңесі мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұлды атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде ұсыныс берген болатын. Біраз уақыттан бері бос тұрған облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы болып жақын күндері Гүлфари Әжіметова тағайындалады. Ол бұған дейін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болған.
"Рейтинг" газеті, желтоқсан, 2025


