Әкім Ағыбаев елді алдай бере ме?

Oinet.kz 18-12-2025 95

«Әкімдердің қолында қазір құзырет жоқ,  білім,  денсаулық, ветеринария салалары, жұмыспен қамту орталықтары бағынбайды» деген пікірді көп естиміз (мұны жуырда аудан әкімдерінің сайлауын тоқтатуды сұранған Мәжіліс депутаттары да қозғады). Дегенмен әкімдерден бейшара лауазым иесін жасаудың да  қажеті жоқ шығар. Тірліктің көзін тапса ауыл, аудан әкімдеріне айналысатын шаруалар жетіп артылады. Мәселен...

_gluster_2025_7_22_bf1a4041bddcd29ebfc904d820c54358_original.22755.jpg

Ауылда ең өзекті мәселенің бәрі инфрақұрылымға, (мұның ішінде жол мен ауыз су) жұмыссыздық және әлеуметтік мекемелерге барып тіреледі ғой. Кейбір әкімдер осы тірліктердің түйінін тарқата алмай жатқанда олардың құзыретін кеңейтіп, қосымша өкілеттіктер жүктеу қаншалықты қисынды?!  Мойынға артылған жүк көбейген сайын «көтере алмас шоқпарды белге байлаған» шенеуніктер өтірікті көбірек айтады, орындалмайтын уәдені жиірек беретін болады.  Мәселен, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев сияқты. 

Созбақтамай мәселенің турасына көшейік. Жуырда Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ескіқорған ауылындағы ескі мектеп апатты жағдайға түсіп, жергілікті шенеуніктер айдың, күннің аманында әбіржіді де қалды. Иә, сол Ескіқорғандағы бүкіл республикалық ақпарат құралдарын шулатқан, қазіргі заман талаптарына мүлдем жауап бере алмайтын,  қабырғасы есте жоқ замандарда қаланған мектеп қой сол баяғы. 

– Келес ауданына қарасты Ескіқорған елді мекеніндегі №45 бастауыш мектебінің оқушылары уақытша 900 орындық №43 «Болашақ» мектебіне тасымалданатын болды. Бұл шешім ескі ғимараттағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды,– деп хабарлады Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. Қысқаша айтқанда, келестік атқамінерлер Ескіқорғандағы мектептің мәселесін дер кезінде шеше алмай, оқушының өміріне қауіп төндіретіндей жағдайға дейін жеткізген болып тұр ғой. Басқаша қандай тұжырым жасауға болады?! 

Айтпақшы, атқамінерлер  халыққа өздерінің мүшкіл жағдайын түсіндіру үшін  тұрғындармен кездесу өткізуді де ұмытпапты. Оған аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрмаханбет Нархозиев, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ердәулет Жасұзақов және білім бөлімі өкілдері қатысып, жаңа мектеп құрылысы мәселесін талқылаған.

– Қазіргі таңда Ескіқорған елді мекенінен арнайы жер телімі қарастырылып, құжаттары толық дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба республикалық бюджетке ұсынылып, қаржы қаралған жағдайда құрылыс жұмыстары басталатын болады,– делінген әкімдіктің таратқан ресми мәліметінде. Алайда ескіқорғандық тұрғындардың бұл мәліметке  сене қойғанына күмәніміз бар. Себебі келестік әкімдердің жаңа мектеп салып береміз деп халықты алдаусыратып келе жатқанына бірнеше жыл өтті. Еске түсіріп көрейік.

Жалпы Ескіқорғандағы бастауыш мектептің орнына заманауи білім ұясын салу туралы мәселені тұрғындардың көтеріп келе жатқанына жиырма жылға жуықтаған екен. Мектеп салу 2022 жылдан бастап қолға алынған. Алғаш рет ол сол кездегі аудан әкімі Ақментай Есбаевтың кезінде айтылған. Әкім сол жылдың қыркүйегінде халықпен өткен кездесуде Ескіқорған, Жуантөбе және Ғани Мұратбаев елді мекендерінен 600 орындық мектеп салу жөнінде ұсыныс берілгенін мәлім етеді. Алайда Есбаевтың өзі сол жылдың аяғында қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмыспен сотталуына байланысты отставкіге кетеді. 

2023 жылдың қыркүйегінде ауданның жаңа әкімі Жәнібек Ағыбаев Ақтөбе ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесуде Жуантөбе және Ескіқорған елді мекендерінде 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу 2024-2025 жылдарға жоспарланғанын мәлім етеді (мұны сол кездегі әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан).  Алайда бұл жоспардың орындалуы кешеуілдей береді. 

Screenshot_6.jpg2024 жылдың күзінде Ескіқорғандағы мектептің адам аярлық жағдайы туралы видеолар әлеуметтік желіні шулатады. Келес аудандық әкімдігінің жауапты шенеуніктері шұғыл түрде Ескіқорғанға барып, халықпен кездесу өткізеді. «Бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде Ескіқорған ауылындағы мектептің жайы талқылануда. Аталған мәселе аудан әкімдігінің бақылауында. Осыған дейін де бірнеше рет өздеріңізбен кездесіп, аталған жайтты талқылаған болатынбыз. Нәтижесінде Ескіқорған ауылының аумағынан 300 орындық жаңа білім ғимаратын салу жоспарға еніп, арнайы жер телімі қарастырылды. Ол мектеп бастапқыда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынуы жоспарланғанымен бүгінде түрлі себептерге байланысты мектеп құрылысы облыстық бюджет есебінен салынады»,– дейді осы жиында аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев.

Бірақ салынады деген білім ұясының құрылысы осы уақытқа дейін басталмаған. Өткен аптада Ескі қорғандағы мектеп мәселесіне қатысты сұрақ облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің елордада өткізген брифингінде бір емес екі мәрте қойылды. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, жаңа мектепті енді келесі жылы инвесторлар арқылы салу көзделгенге ұқсайды.  Атқамінерлердің бұл жолғы уәдесіне қаншалықты сенуге болады? Ескіқорғандағы білім ұясын «Жайлы мектеп» жобасына енгізу неге мүмкін болмады? Неге ол облыстық бюджеттен салынбады? Ең бастысы, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев халықты неге алдады? Ол «мектеп салынады» деген мәліметті неге сүйеніп айтты? 

 Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір ауылдағы жоғары сынып оқушылары басқа елді мекендердегі білім ұяларына қатынап оқиды екен (кейбір оқушылар бес шақырымға дейін жол жүретін көрінеді). Ата-аналар қалай болғанда да ауылға мектеп салып беруді талап етіп отыр.  Ал атқамінерлер халықтың осы талап-тілегін бірнеше жылдан бері шеше алмай келеді. Әкім Ағыбаевтың қаншалықты деңгейде іскер екендігін осыдан-ақ біле беріңіз.  

Жәнібек Ағыбаев уақтысында Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары болған. Кейінірек ол Шымкент қалалық жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.  2022 жылдың тамызында Д.Сатыбалды  Түркістан облысының әкімі болып тағайындалған соң Ағыбаев алдымен оның кеңесшісі болды. Сол жылдың желтоқсанында ол алдын ала күтілгендей, Келес ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.  

Содан бергі аралықта үш жыл өтіпті. Жәнібек Ағыбаев осы үш жылда не тындырды? Нендей мәселелерді шеше алды? Бұған келестіктер не айтар екен? 

"Рейтинг" газеті, желтоқсан, 2025 ж

Экологиялық экскурсия—құнды тәжірибе, үлкен мотивация
Берденовтен батыр жасаудың қажеті жоқ. Көп былықтың беті ашылып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу