Берденовтен батыр жасаудың қажеті жоқ. Көп былықтың беті ашылып жатыр

Oinet.kz 18-12-2025 63

Астанадағы  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің брифингісі екі жарым сағатқа созылды. Осы баспасөз мәслихатында үшінші мегаполистің басшысы Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастап,  қаладағы ең өзекті деген, жұртшылықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Әкімге бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке қатысты сұрақ та қойылды.   

Screenshot_7.jpgБрифингте Сыздықбеков «Рейтинг» газетінде бұған дейін жазылғандай, жөнсіз тірліктер мен дау-дамайлардан көз ашпаған қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнынына тоқталды. Қала басшысы аталған кәсіпорынды және ирригация, канализациямен айналысатын мекеменің француздық компанияға сенімгерлік басқаруға берілетінін мәлімдеді. Бұл шешім қаншалықты өзін-өзі ақтайды?  Шетелдік компанияның басқаруына беру кәсіпорындағы заңсыздықтар мен жөнсіздіктерге қанашалықты тосқауыл қояды? Мұны уақытында көре жатармыз. 

Журналистер  жуырда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған екі басқарма басшысына қатысты сауалды да көлденең тартты. Сыздықбеков оларға қатысты қозғалған қылмыстық істер бұрынғы лауазымдарымен байланысты екендігін баса айтты. Ал тағылған айыптың қаншалықты дәлелденетінін тергеу, сот анықтайды. Руслан Берденовке қатысты мәселеге қайта оралайық. 

Естеріңізде болса, биыл сәуірде Руслан Берденовті қарамағында істейтін, «Тұрғын үй Шымкент» серіктестігінің басшысы Ернар Жиембай бірнеше рет отты қарумен атқан болатын. Әкім орынбасары дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман қалды. 20 тамызда Шымкент соты Ернар Жиембайды қасақана кісі өлтіруге оқталды деген айыппен 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Соттың алғашқы отырысында Жиембай Руслан Берденов тарапынан қастандыққа тапсырысты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков берді деп айту жөнінде ұсыныс білдірілгенін мәлім етті. Бұл көпшілік арасында үлкен резонанс тудырды. Брифингте журналистер Сыздықбековтен Жиембайдың соттағы осы сөздеріне қатысты ешқандай мәлімдеме жасамай, үнсіз қалу себебін сұрады. 

– Мен ол кезде не деп айтамын, өйткені құқық қорғау органы емеспіз. Шешім шығаратын сот емеспін. Болған жағдаймен арнайы органдар айналысты, сот үкімін шығарды. Кінәлі адам жазасын алды. Сотта адам өзін қорғау үшін не демейді?! Бұл мәселені енді көтере берудің қажеті жоқ шығар, – деген әкім Берденовтің бұл кезде қызметке келгеніне бір ай ғана болғанын, бірақ ақпарат құралдарында жазылғандай, ол келген бойда бәрін жарқыратып жіберді деген пікірлермен келіспейтінін білдірді. 

– Сіз Берденовті онша жақтыра бермейсіз бе? – деген сауал да төтесінен қойылды. 

– Мен онымен қызмет барысында ғана араластым,– деген Сыздықбеков бұл оқиғадан біреуді батыр қылудың қажеті жоқтығын да алға тартты. 

 Екінші сауал Ернар Жиембай басшылық еткен Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ында жүргізілген тексерудің қорытындысына қатысты болды. Әкімнің айтуынша, серіктестікте аудиторлық тексеру жүргізілген. Бірақ тексеру қылмыстық іс қозғайтындай фактілерді анықтай алмаған. Анықталғаны рәсімдік бұзушылықтар ғана болған. 

Яғни, бұл кейбір ақпарат құралдарында жазылғандай, «Руслан Берденов қызметке келген бойда сыбайлас жемқорлықпен белсене күрескен, оның бұл әрекеті біреулерге ұнамаған» деген пікірлердің шындыққа сәйкес келмейтінін білдіретін сияқты. Бұл оқиғаға Берденовтің қарамағындағы қызметкермен дөрекі қарым-қатынас жасағаны, оның ар-намысына тигені себеп болғанын кезекті рет дәлелдейді. 

Сот барысында Ернар Жиембай қызметке келген бойда әкім орынбасарымен тіл табыса алмағанын айтқан болатын.

– Қабағын шытып, «отыр» деді. Отырдым. Бірінші бастағаны «мен замаким болып келдім, мен шақырмасам, келетін ойың жоқ қой сенің, қайдан шыққан дәусің, мұрынбоқ» деді... әр сөзіме дұрыс емес реакция көрсетті. «Сенің түрің қандай өзі, шаштарың түсіп кеткен. Бетің қап-қара болып тұр, қайдан келгенсің өзі» деді... мен ол кісіге артық сөз сөйлегенім жоқ, – деген болатын Жиембай сот отырысында.

Кейінірек, Берденов Жиембайға өз еркімен жұмыстан кетуді талап еткен. Ол бола қоймаған соң, Жиембайды шақырып алып, жұмыстан кетпесе, соттатып жіберетінін, әйелі жезөкшеге айналатынын, балаларының жетім қалатынын ескерткен. Оқиғадан кейін Жиембайдың туыстары Берденовтен кешірім алуға тырысқан.

 – Таңқалатын нәрсе, «мені өлтіруге Сыздықбеков через аппарат басшысы арқылы киллер ретінде тапсырыс берді деген жауап берсін, мен Ернарды жатқан жерінен суырып аламын» деп айтыпты. Ол кісінің мүлдем қатысы жоқ,– деген еді сотта Е.Жиембай. 

Сот үкімі шыққан соң Берденов әкім орынбасары лауазымынан босатылды. Сол тамызда ол Алматы қаласын дамыту орталығы мекемесінің басшысы болып тағайындалды.

"Рейтинг" газеті, желтоқсан, 2025ж

Әкім Ағыбаев елді алдай бере ме?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу