Ұлт тұлғасына құрмет көрсетіліп, рухани қазынамыз ұлықталады
5 қыркүйек - қазақ халқының ұлы перзенті, ағартушы, тілтанушы, ақын, публицист, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
2017 жылдан бастап бұл күн Қазақстанда Тілдер күнімен қатар аталып өтуде. Бұл күні қазақ тіл білімінің негізін қалаған, төл әліпбиімізді жасаған, ана тіліміздің ғылым ретінде дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға Ахмет Байтұрсынұлы есімі ұлықталады әрі рухани қазынамыз тіл мәртебесі ұлықталады.
Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталық пен Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың бірлесуімен «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты қалалық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның қоғамдық өмірдегі мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, сондай-ақ түрлі этнос өкілдері арасында өзара түсіністік пен бірлікті нығайту.
Бұл бағыттағы жұмыстар – ел бірлігін бекемдеуге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және қазақ тілін барша Қазақстан азаматтарының ортақ тіліне айналдыруға бағытталған маңызды қадам, дейді кітапхана басшысы Нұрила Жұманова.
Дөңгелек үстелге тіл жанашыры Қабыл Дүйсенбі, қоғамдық кеңес мүшелері, педагогика ардагерлері, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мамандары, Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қызметкерлері, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері және кәсіби тіл мамандары қатысты. Қатысушылар мемлекеттік тілдің маңызы, тілдің құдіреті туралы ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.
Қабыл Дүйсенбі – ана тіліміздің жанашыры, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері, қаламгер. Ол өзінің шығармашылық және қоғамдық қызметінде қазақ тілінің таза, бай, көркем қолданылуын насихаттап, тіл мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Ол ұзақ жылдар бойы түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда қызмет ете жүріп, тіл мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуді басты мақсат етті. Кезінде бірнеше жыл тіл басқармасында жемісті еңбек етіп, мемлекеттік тілдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан. 1997 жылы елде тұңғыш болып мемлекттік тілді оқыту орталығын ашқан. Тіл жанашыры бүгінде қалалық соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысын қызметін атқарды.Қабыл Дүйсенбі тарихқа тоқталып, бұл мерекенің құндылығына жіті тоқталды.
Дөңгелек үстел сұрақ-жауап алаңына ұласып, қатысушылар арасында мазмұнды пікір алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және тың идеялар мен ұсыныстар айтуға мүмкіндік тудырды. Бұл формат қатысушылардың белсенділігін арттырып, еркін ой айтуға жол ашты.