Мәдени мұралар дәріптелген мектеп

Oinet.kz 05-09-2025 39

Үшінші мегаполисте ашылғанына бес жылға жуықтаған «Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебі – ұлттық өнерімізді ұлықтап, дарынды балаларды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып келеді. 

Screenshot_4.jpg

Бұл білім ордасының шәкірттері бүгінде халықаралық және республикалық байқауларда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр.  

Дәстүрлi ұлттық өнер мектебінде еліміздің төл өнері мен мәдениетін дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылып, дәстүрлі өнердің түрлi салаларын жан-жақты жандандырып, оны жастар арасында кеңінен насихаттауда.

Мәселен, өнер мектебіндегі Майлықожа атындағы айтыс сыныбының ұйымдастыруымен «Балаларға айтыс өнерін оқыту негіздері және оның тәрбиелік мәні» атты шеберлік сыныбы өтеді. Оқушыларға төл өнеріміз айтысты насихаттау, суырып салма өнерді дәріптеуді мақсат еткен шеберлік сабақта айтыс сыныбының ұстаздары тақырып аясында айтыстың шығу тарихын баяндаса, оқушылар қайым айтыс және түре айтыстан үлгі көрсетеді. Шеберлік сыныбының басты бағыты суырып салма өнерге жастарды баулу болғандықтан, оқушылардың ынтасын арттыру, қызығушылығын ояту мақсатында өзекті ойлар ортаға салынады.

– Суырып салма өнерді дәріптеу – халқымыздың рухани мұрасын ұрпақ санасына сіңірудің бір жолы. Бұл өнер түрі тек ақындық қабілетті ғана емес, шешендік, тапқырлық пен терең ойды талап етеді. Суырып салма ақындар ел ішіндегі жағдайларға, қоғамдық құбылыстарға дер кезінде үн қосып, сөз арқылы тәрбие берген. Суырып салма өнерін дәріптеу жастардың сөз мәдениетін арттырады, ұлттық сана-сезім мен болмысын қалыптастырады,  тілді меңгеру қабілетін жетілдіреді, ой еркіндігін, шешен сөйлеу қабілетін дамытады. Бүгінде бұл өнерді түрлі байқаулар, айтыстар мен оқу орындарындағы үйірмелер арқылы жандандырып, дәріптеу қажет. Ол – тек өнер ғана емес, ұлттың рухани тірегі, - дейді өнер мектебінің өкілдері. 

Қаратау мектебі өнер мен білімді қатар ұстанған ұстаздар мен талантты шәкірттердің ордасына айналған. «Домбыра» сыныбының ұстазы Айтбаев Сәбит Алдабергенұлы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтің «Алғыс хатымен» марапатталса, «Майлықожа» айтыс сыныбының оқушысы Исламәли Біржанұлы елордада алғаш рет өткен айтыста «Қола домбыраны» жеңіп алды.   Сонымен қатар, «Кенен Әзірбаев» ән сыныбының шәкірті Батырхан Байданов «Жылдың үздік оқушысы» атағына ие болып, мектеп мерейін үстем етті. Жалпы, Қаратау мектебінің шәкірттері 35 республикалық, 30 халықаралық, 8 қалалық байқауға қатысып, барлығы 73 додада жеңіс тұғырынан көрінді.  Бұл жетістіктер — ұстаздардың жанкешті еңбегі мен оқушылардың талапты талпынысының жемісі.

«Салт-дәстүр – халықымыздың рухани мәдениетінің айнасы»
Қазақ халқының шежіресі арқылы жастарды тәрбиелеу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу