«Салт-дәстүр – халықымыздың рухани мәдениетінің айнасы»
Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Осы мақсатта әрбір халықтың сан-алуан ой-пікірлері, тәжірибелері ғасырлар бойы жинақталып отырған.
Адамзат баласына ортақ рухани қазынаның құрамдас бір бөлігі болып саналатын бұл жетістіктерді халықтың тәлімгерлік тәжірибесі дейміз. «Ұлттық тәлім-тәрбиенің тамырымен сусындатып, ұрпаққа қалай тәрбие беруге болады» деген сауалдарды тәрбие саласында еңбек етіп жүрген ұстаздардан сұраған болатынбыз.
Гүлнар Жанысбекова, т.ғ.к. доцент:
«Халықтық салт-дәстүр – қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік қарым-қатынасындағы ең қымбат қазына. Халық үшін тәрбие – тұтас дүние. Оны мақсаты – адам тәрбиелеу. Балаларға ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін оның сәбилік шағынан бойына сіңіріп, ойына ұялату, сол арқылы ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу қай күннің болмасын басты мәселесі. Бұл туралы ойшыл Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, біріншісі – ата-анасынан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан деген екен. Ұлттық тәрбие отбасынан бастау алатын болғандықтан инабаттылық, мейірімділік, ана сүтімен, ана тілімен орныға бастайтыны аян. Сол себепті халық даналығы «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» деуі заңды. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ата-ана ғана емес, ауыл болып көңіл бөлген. Мысалы, үлкен кісіге сәлем бермегеннің өзі сыйламаушылыққа жататын, оны байқап қалушылар тентегін тезге салып отырған. Жалпы салт-дәстүр – халықымыздың келбеті, рухани мәдениетінің айнасы».
Шарапат Құрманбекова, қалалық ардагерлер кеңесінің «Әжелер» алқасының мүшесі, зейнеткер-ұстаз, "Құрмет" орденінің иегері:
«Әрбір елдің, халықтың бала тәрбиелеудегі халықтық педагогиканың ғасырлар дәуірінен қалған асыл қазынасы бар, жас ұрпақ сол ата-мұра өнегесінен кұш алып қуаттанады, ізгілік негізі орнығады. Сол себепті де, халық даналығына оның ұрпақ тәрбиесіндегі атқарары қызметіне зер салып, ықылас аудармаған ақын-жазушылар кемде-кем, әсіресі, Абай, Шәкәрім, Жүсіпбек, Мағжан сияқты ғұламалардың еңбектеріне негізгі арқау – өз елі, халқы, болашақ ұрпақ тағдыры, оныңғ тәрбиелі, парасатты, азамат болып өсуі жайында кең толғаныс, өнегелі өсиет жатады. Халқымыздың аса көрнекті ақыны, М.Жұмабаев та педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан».
Манат Қазыбаева, №55 жалпы орта мектебінің ұстазы:
«Халқымыздың рухани мұраларында балаға рухани, жалпыадамзаттық құндылықтарды түсінуге, қоршаған дүниені тануға қатысты мәселелер кең қамтылған. Білім жүйесінде балаларды халықтық педагогика негізінде тәрбиелеуде бай ауыз әдебиеті үлгілері, халықтық музыка, ұлттық ойындар, өнер, салт-дәстүрлерін тұтас қамтып, бірлікте жүргізу көзделеді. Балалардың әрбір іс-әркетінде ұлттық ерекшелік қанық бояумен әрленіп, дараланып тұру көзделеді».