Мемлекет басшысы маңызды кездесулер өткізді

Oinet.kz 22-09-2025 42

Мемлекет басшысы Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельді қабылдады. Президенттің Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары канадалық трансұлттық компанияның басшысымен кездесуден басталды. Жүздесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

1000479303.jpg

Қасым-Жомарт Тоқаев Cameco «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елімізде қызмет ете бастағаннан бері аталған компания 500 миллион доллардан астам инвестиция құйған әрі технологиялар трансфертіне ықпал еткен.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан энергетиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтіп, алдағы уақытта үш атом электр стансасын салуды көздеп отыр. Еліміз атом саласында қолданылатын инновациялық тәсілдерге қызығушылық танытады.

Тим Гитцель Президентке «Инкай» бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпарат берді. Бұл компания Түркістан облысында орналасқан кен орнын ширек ғасырдан бері игеріп келеді.1000479294.jpg

Мемлекет басшысы Тим Гитцельді қабылдаған соң Goldman Sachs Global Institute президенті Джаред Коэнмен де кездесу өткізді.Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Goldman Sachs жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысының айтуынша, толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады. 

Ал Джаред Коэн Goldman Sachs Digital Asset Platform цифрлық қаржы тұғырнамасының тәжірибесіне тоқталды.

1000479357.jpg

Сондай-ақ Қ.Ж.Тоқаев Educational Testing Service (ETS) президенті Амит Севакты де қабылдады.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы ETS компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды. 

Президенттің айтуынша, Қазақстан білім беру жүйесінде компанияның тәжірибесін зерделеу мен пайдалануға қызығушылық танытады.

Амит Севак Мемлекет басшысына компанияның халықаралық жұмыс жоспары туралы мәлімет берді. 

Ұйым жылына әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса тест әзірлейді әрі әкімшілендіреді, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіне арналған бейіндік шешімдерді ұсынады.

1000479322.jpg

Президент Амит Севакты қабылдаған соң Смитсон институтының басшылығымен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинге қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді түрде дәріптеп жүргені үшін алғыс айтты. 

Орталық жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттаумен, сондай-ақ қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі және рухани өмірін зерттеуге арналған бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастырумен айналысады. 

Мемлекет басшысы мәдени дипломатия Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. 

Смитсон институты – әлемнің ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі. Оның құрамына 21 музей мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы, кітапханалар мен ұлттық зообақтар кіреді.

1000479309.jpg

Сонымен қатар, Қ.Ж.Тоқаев PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихоны да қабылдады.

Кездесуде PepsiCo компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы қарастырылды. 

Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар. 

Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті. 

Стивен Кихоның айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев PepsiCo компаниясының орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасына қолдау білдіріп, Үкімет пен жергілікті әкімдік өндірістің уақтылы іске қосылуына барынша жағдай жасайтынын айтты.

В школах стартовало обучение по ответственному применению ИИ
«Ұлттық тәрбие жастардың рухани иммунитеті болуы тиіс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу