Үздік оқырман отбасы – Ордабасыда!
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, жетістіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті әрі қазіргі қоғамда өзара байланыс орната білетін тұлға болып қалыптасу үшін кітап оқуға деген құштарлықтың әсері мол. Кітап оқу сауаттылығы деңгейін анықтау мақсатында әлемнің көптеген елдері OECD және IEA сынды халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысып, нәтижелерін қолданады. PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр. PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Сондықтан да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Ол үшін бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет. Білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289. Саны, әрине, көңіл көншітерлік.
Осы орайда «Балалар кітапханасы» аясында «Оқуға құштар ұлт» жобасын жандандыру мақсатында ұйымдастырылған «Ең үздік оқырман отбасы» атты аудандық байқау өтті. Мақсат – баланың кітап оқып ой-өрісінің кеңеюіне, жан жақты дамуына кітап кейіпкерлерінің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойына сіңіруіне, көркем әдебиетке, кітапқа деген қызығушылығын қалыптастыратын ең үлкен тәрбие құралы жақсы кітаптарды оқуына, отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту. Аймақтық іріктеуден аудандық сайысқа жеті отбасы қатысты.
Сайысқа қатысқан ата-аналарға өз алғысын білдірген әділ қазылар алқасының төрағасы «Қызмет», «Ақылдым» журналдарының редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, жүлделі орын иегерлеріне Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Байқау қорытындысы бойынша Б.Оңтаев атындағы ЖББМ Тұрсынбек Әйгерім, «Бәйтерек» ЖББМ ата-аналары Мырзаханова Наргиза «Көркем сөз шебері», М.Исламқұлов ат ЖББМ Ахмедовтар «Үлгілі отбасы», «Қарақұм» ЖББМ Аманылла «Өнерлі отбасы», «Ордабасы» ЖББМ Мырзахановтар және Е.Ерназаров ат ЖББМ Тілеубердиевтер отбасы жүлделі ІІІ орынға, «Темірлан» ЖББМ Жүзбасаровтар отбасы жүлделі - ІІ орынға, Аманкелді ат ЖББМ Уәлихановтар отбасы жүлделі - І орынға, Қ.Сыпатаев ат ЖББМ Дадахметовтер отбасы – Бас жүлдеге ие болды.