Сайрамда жаңа мектеп ашылды

Oinet.kz 23-12-2024 39

image.png

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округіндегі “Айнабұлақ” негізгі орта мектебі ел игілігіне пайдалануға берілді. 600 орынға шақталған білім ұясы облыстық бюджет есебінен салынды. 

Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды  құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.

Оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте  асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залдары соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары ба бар. 

Айта кетейік, Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 343 миллиард теңгеге жетіп, өсім 131 пайызды құрады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, аудан, қалаларда арендалық және ипотекалық баспаналар салынуда. Нәтижесінде кезекте тұрған 5 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешілмек. Сонымен бірге әлеуметтік нысандар жұмысы қарқынды.

Облыста демографиялық өсім жоғары. Қосымша 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.  Мектептердің 29-ы "Жайлы мектеп" жобасы аясында соғылуда. Нәтижесінде мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмек. Биыл алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 193 мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, 107 мектептің жылыту жүйесі газға ауыстырылды. 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 миллиард теңгеден астам қаражатты бағытталған. 330 мектеп жоғары жылдамдықты "Starlink" спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.

Өңірімізде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан салынып жатыр. Бұдан бөлек 4 ауруханаға күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сонымен қатар, мәдениет, спорт және өзге де әлеуметтік нысандар салынып жатыр.

Білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен кеңес өтті
Түркістандық оқушылар үздіктер қатарынан көрінді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу