Маңызды құжат Парламенті Мәжілісінде бірінші оқылымда қабылданды

Oinet.kz 21-12-2024 25

image.png

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Заң жобасы Мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген. Маңызды құжатты әзірлеуге Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы және қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды. 

Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмысшы топпен кездесіп, мәселені талқылаған болатын. Түркістандық тұрғындар да Мемлекет басшысының бұл бастамасын қызу қолдады. 

Заң жобасын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Экономика министрі премьер-министр орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. 

«Құжаттың басты новеллалары: Түркістан қаласы археологиялық ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің  шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау. Сондай-ақ кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді, – деді Н.Байбазаров.

Сонымен бірге Қазақстан Респбликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Темір Қырықбаев қосымша баяндама жасады. 

Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Темір Қырықбаев қосымша баяндамасында орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Түркістан қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттіктері қайтадан қарастырылып, қолөнер, туризм салаларына қоян-қолтық қолдау көзделгенін атап өтті. Бұл ретте жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалану және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылау жүргізу, ғылыми реставрация жүргізу бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу, қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлеу,          туризм инфрақұрылымын дамыту және басқа да құзыреттер Түркістан қаласының әкімдігіне жүктеледі.

Түркістанның мәртебесі туралы Заң жобасын талқылау 1,5 сағатқа созылды. 15 депутат сауалдарын жолдап, пікір білдірді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сұрақтарға жауап берді. 

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Оны әзірлеуге Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы да негіз болды. Сонымен бірге қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі, Түркістан қаласының халық санының тез өсуі де негіз болған. 

Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелген. Министрліктің өкілдері Заң жобасы бойынша Түркістан қаласына іссапарға шығып, халықпен кездескен, онда Заң жобасының ережелері, нормалары талқыланды.

Бұл Заң жобасын әзірлеу барысында Ұлыбритания, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелді. Заң 4 тараудан және 15 баптан тұрады, Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілейді. 

Түркістандағы тарихи ескерткіштер мен мұраларды қорғау жұмыстары күшейеді

Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Мақсаттары мен міндеттері – Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану; қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау – Заң жобасының негізгі қағидаттары.

Осы бастама арқылы Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерге қолдау көрсету, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.

Жергілікті әкімдік пен мәслихаттың құзыреттері кеңейеді

Заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген. Осылайша, қала мәслихатына 7 құзырет берілмек. Олар:

- қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн кодын;

- Сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, тарихи, ландшафттық-табиғи, функционалдық, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау тәртібін айқындайды;

Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын (өтемақы мөлшері 10%-дан 25%-ға дейін) қарастырады. Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын; Көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын айқындайды. Түркістан қаласының аумағында нышанды (қаланың эмблемасы мен таңбасы) пайдалану тәртібін бекітеді.

Қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған. Осы міндеттерді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне құзыреттер беріледі. Мәселен, қала әкімдігі маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүргізеді. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін; жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және археологиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу және тағы басқа мәселелерді реттейді.

Екінші бағыт кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағдарланған. Қала әкімдігі қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлейді. Қаланың дизайн коды әзірленіп, сәулетіндегі бірізділік сақталады.

Үшінші бағыт туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағдарланған. Кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау, сондай-ақ жол бойындағы сервис бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қаралады. Туристік қызмет субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, туризм инфрақұрылымын дамыту шаралары қабылданады.

Сонымен қатар Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң жобасын әзірледі. Заң жобасымен Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» ҚР заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Түркістанға келген шетелдік саяхатшылар саны артып, туристік әлеуеті көтерілуде. Түркістан қаласының жер көлемі – 22,4 мың гектар. 2024 жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша халық саны 233 533 адам. Оның экономикалық белсендісі 87873 адам.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінің аудан, қалаларын дамыту жұмыстары жүруде. Оның ішінде Түркістан қаласына ерекше көңіл аударылған. Жұмыстар нәтижесінде көрсеткіштер жақсаруда. Өнеркәсіп өнім көлемі 19 902,5 миллион теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 11 845,6 миллион теңге немесе 107,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 3466,3 млн. теңге немесе НКИ 104,0 пайызды құрады, жылыжайлар – 1,5 гектар. 2024 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысымен 22 002 бірлік шағын және орта бизнес тіркелген. 

Айта кетейік, Түркістан қаласының халық саны соңғы үш жылда 31,5 пайызға артып, ағымдағы жылдың 1 қарашасына 236 333 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, өткен жылы 370,8 миллиард  теңгеге жетті. Биылғы жылға 413,7 миллиард теңге болады деп болжамдануда. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, былтыр 66,2 миллиард теңге түссе, биылғы 10 айда 62,3 миллиард  теңге түсті. Қала бюджеті облыс орталығы болғалы 3 есе өсіп, 141,3 миллиард  теңгеге (2018 жылы 41,9 миллиард теңге) жетті. Қалада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі соңғы үш жылда 915,7 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестиция – 458,1 миллиард  теңге. Биыл 390 миллиард  теңге тартылады деп жоспарлануда.

Соңғы үш жылда шаһарда 1,2 миллион  шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде 807,3 мың шаршы метрді құрайтын көп пәтерлі 200 тұрғын үй (10 020 пәтерлі) пайдалануға берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп, 22 мыңға жетті. Биыл Түркістанға «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» ресми мәртебесі беріліп, бірқатар туристік және мәдени іс-шаралар өткізілді. Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда 165 пайызға өсіп, былтырғы  жылы 1015,2 мың адамға жетті. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны үш жылда 60 есе өсіп, 12,2 мың адамға ұлғайған. 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны 953,9 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,2 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны 22,3 мың адамға жетіп, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 2 есе артқан. 

Сарыағашта қайтарымсыз грант алып, кәсіпкер бастағандар озып тұр
Түркістанға Жамбыл облысынан «Достық керуені» келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу