Сарыағашта қайтарымсыз грант алып, кәсіпкер бастағандар озып тұр

Oinet.kz 20-12-2024 5

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес, жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген», – деген болатын. Бұл бағытта жылда түрлі мемлекеттік бағдарламалар жанданып, салалық мамандарға нақты тапсырмалар жүктелуде. Соның нәтижесінде жыл санап жұмыссыздар саны азайып келеді. Бұл үрдіс Түркістан облысындағы халық тығыз орналасқан аймақтың бірі Сарыағаш ауданында да кең көрініс табуда. 

Бүгінде саялы Сарыағашта мемлекеттік грант есебінен кәсіп ашып, өзі де өзгені де жұмыспен қамтамасыз етіп отырған тұрғындардың қатары өсуде. Солардың бірі Қожабек Егембердиев. Ол мемлекеттік қолдаудың арқасында  Қабланбек ауылдық округінен  сөмке тігу цехын ашқан. «Қазіргі таңда кәсіптің көзін тауып, өз ісін бастаған кәсіпкерлердің күн санап саны артып келуі көз қуантады. Алдағы уақытта өз ісін бастаған кәсіпкерге аудан әкімдігі тарапынан қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Бастаған кәсібіңізге сәттілік, алдағы уақытта өнім көлемі ұлғая берсін». Бұл жақында кәсіпкерлік нысанға арнайы ат басын бұрып, ондағы жұмысты көзімен көрген аудан әкімі Арман Абдуллаевтың кәсіпкерге айтқан тілегі.   Қ. Егембердиевтің «Pro-textile» сөмке тігу цехын 2020 жылы іске қосып, қазіргі таңда 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Тәулігіне жол және тор көз түрінде және түрлі өлшемде 5000 дана сөмке тігіліп, еліміздің түкпір-түкпіріне, сондай-ақ көршілес мемлекеттерге де жөнелтілуде. 

 Жібек жолы ауылдық округі, Жібек жолы елді мекеніндегі  «Element Gold» мектепке арналған жабдықтар шығаратын цех та мемлекеттік қолдаудың көмегімен  жұмысын бастаған.  Кәсіпкер Г.Жұмановтың айтуынша айына заманауи үлгіде 10 000 данаға жуық парта шығарып, мектептер мен балабақшалар, колледждерге жөнелтілуде. Қазіргі таңда, цехта 12 адам жұмыспен қамтылған оның ішінде 8-і елді мекеннің тұрғындары. Өнімді өндіру үшін шикізаттарды пластмасса мен ағаш тақтайлары Түркия мемлекетінен әкеліп, темір жақтауларын (каркастары) цехта иіп дайындайды.

 Құркелес ауылдық округінің тұрғыны Ермек Әбдіқадіров болса сүйікті ісін кәсібіне айналдыра білді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» шеңберінде іске асырылатын 2,5% шағын несие алуға берген өтініші қаралып, жобасы мақұлданған.  Ол  2023 жылы маусым айында «Металл өңдеу құрылғыларын сатып алу» жобасымен қолдау тапқан. Қазіргі таңда, шарбақ, қақпа тағы басқа металл өнімдерін жасап,ауданның түкпір-түкпірін жөнелтуде.Сонымен қатар, жергілікті ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Темірден түйін түйген ұстаның жұмысына сатып алушылар дән риза. 

 Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға берілетін мемлекеттік грант  ауданда өз нәтижесін беріп келеді. Осы орайда, ауданға қарасты Құркелес ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы әке Орынбасар Малтеков те жұмыс жоқ деп қолқусырып отырмай мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінген. Былтырғы жылы оның жобасы  қолдау тауып, грант иегері атанған.  Бүгінде көпбалалы әке "Барельеф жасау" бағытында гипстен қолөнер бұйымдарын жасап, кәсібін дөңгелетуде. 

Қайтарымсыз грант алып кәсібін жүргізіп отырған Жібек жолы ауылдық округі, Зортөбе елді мекенінің тұрғыны Н.Аталова өткен жылдың сәуір айында мемлекеттік грант алып, үй іргесінен шағын наубайхана ашқан. Мемлекеттік грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады. Аудан тұрғындарын ас атасы нанмен қамтамасыз етіп отырған наубайхананың жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Себебі нанға сұраныс қашанда бар.

Дихан баба елді мекенінің тұрғыны  М.Абельдинов та  мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер атанды. Ол «Назипа ана» тігін цехын ашып, грант қаражатына тігін машиналарын, оларға қажетті қосалқы бөлшектерін алып, кәсібін бастап 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.Бүгінде ол тапсырыспен ұлттық нақышта безендірілген көрпе-жастықтар, қыз жасауларын және басқа да қажетті дүниелерді тігеді. Бұл құрылғылар тігіннің ең қиын түрін де орындайды екен.

Қайтарымсыз грант аймақта  мал шаруашылығының дамуына да үлесін қосуда. Айталық  Д.Садықов қой шаруашылығын дамытуды мақсат тұтып, мемлекеттік грант алып, асыл тұқымды «қисары» қой тұқымын сатып алған. Бүгінде үй іргелік қорасында мал басын көбейтіп кәсібін дөңгелетуде. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта мал кәсібін ұлғайтуды жоспарлап отыр.


Тұрақты комиссия отырысы өтті
Маңызды құжат Парламенті Мәжілісінде бірінші оқылымда қабылданды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу