Сайрамда мал қалдықтарынан биогаз өндіретін зауыт салынбақ
Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаевтың төрағалығымен мал қалдықтарын кәдеге асыру бойынша келелі жиын өтті. Басқосу барысында аудан әкімдігі мен Ақбұлақ, Манкент, Арыс, Көлкент ауылдық округтерінің шаруалары және «Burabai biogas&fertilizers factory» ЖШС компаниясы өкілдері арасында мал қалдықтарынан биогаз өндіретін зауыт салу бойынша үшжақты меморандум түзілді.
Жиынға «Burabai biogas&fertilizers factory» ЖШС компаниясының атқарушы директоры Мұхамеджан Илияс және қаржы директоры Алимбек Аубакиров, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, бірқатар ауылдық округ шаруалары қатысты.
Жалпы құны 25 миллиардтан асатын «Burabai biogas&fertilizers factory» ЖШС компанияның жылдық қуаты сағатына 4,95 МВт биогаз өндіруге қауқарлы.
Аталмыш өндіріс орны 2024-2025 жылдары 15 гектар аумаққа салынады деп күтілуде. Жұмыс істеу икемділігінің тиімділігіне тоқталсақ, биогаз өндірісінің патенттелген технологиясының қатты, сұйық органикалық және органоминералды тыңайтқыштарды біріктіруге бағытталған.
Жоба аясында жылына 75 тонна органоминералды тыңайтқыштар мен 40 млн кВт электр энергиясын өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ өндіріс нысаны толығымен іске қосылғанда аудан аумағында 60-тан астам жұмыс орындары ашылмақ.