Сарыағашта «Ауыл аманатымен» кәсіп бастағандар көп

Oinet.kz 20-12-2024 24

image.png

Ауыл – қазақтың күретамыры, экономиканың  жүрегі. Олай дейтін себебіміз үлкен мегаполистерді  табиғи азық-түлікпен, ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған осы ауылдың қарапайым шаруалары.   Мұны ескерген мемлекет те ауыл мәселесін естен шығарған емес. Оған мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік дамуын, әлеуетін көтеру бағытында қабылдап отырған бағдарламалар айқын айғақ бола алады. Соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасының жөні бөлек.  «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. 

Түркістан облысында өткен жылдан бері 19,8 миллиард теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылды. 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам қатысты. Сондай-ақ 16,4 гектар алаңға 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Жоба аясында 21 трактор, 2 комбайн алынып, 19 қайта өңдеу орындары ашылды. Жоюа нәтижесінде өңірде етті бағыттағы ірі қара малдың саны 5 714 басқа, сүтті бағытта 22 400 басқа, жылқы саны 2 500 басқа, ұсақ мал 14 286 басқа артқан. 

Түркістан облысы бойынша бағдарламаны ағымдағы жылы жалғастыруға республикалық бюджеттен 13,2 миллиард теңге бөлінген. Жоспар бойынша бағдарламаға қатысушы ауылдық округтерде 62 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақ. Өңір көлемінде 1600 жобаға қолдау көрсетіліп, 3324 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Мемлекет басшысының су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 мың гектар егістік алқапқа тамшылатып суару технологиялары енгізілетін болады. Бағдарламаға қатысушы ауылдық округтерде су үнемдеудің технологиялық шешімдеріне басымдық берілмек. 

Ауылдың көкжиегін кеңейтіп отырған бағдарламаға сарыағаштық азаматтар да белсенді қатысуда. Мамандардың дерегінше Сарыағаш ауданында  «Ауыл аманаты» жобасы аясында былтыр кәсіп бастауға ниет еткен азаматтардың 115 жобасы бойынша құжаттары мақұлданып, оның 68 жобасына 406 миллион теңге несие берілген. Яғни 47 азамат берілген қаражатқа  кәсіп ашқан.  Алдағы 3 жылда құны 33 миллиард теңгені құрайтын 96 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте жаңадан 2 мың жұмыс орны құрылатын болады. Нәтижесінде бюджетке қосымша 358 миллион теңге салық түседі деген болжам жасалған. Былтыр  ауданда 2,9 миллиард теңгеге емдеу-сауықтыру кешені, көкөніс және жеміс-жидектер сақтау қоймасы, мейрамхана, тігін цехы, тауық сою бекеті, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобалары іске қосылып, 141 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру – бәсекелестіктің басты шарттарының бірі. Жарты төбе ауылдық округіндегі  «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған Муроджон Асабадинов  жылыжай ісін өркендетіп отыр. 

Қазіргі таңда жылыжай иесі үй іргелік ауласына жылыжай соғып, көкөністерді тұқым күйінде егіп, шаруаларға дайын көкөністер көшеті күйінде саудалауда. Саланы жетік меңгерген шаруа қожалықтың егесі сапалы өнім алудың қыр-сырымен бөлісуге дайын.

Жалпы мұндағы халықтың дені диқаншылықпен айналысады. Өңірде 1500 гектар суармалы алқап бар. Оның 300 гектарына жылыжай салынған. Шаруалар бір жерден бірнеше рет өнім алуға дағдыланған. Суды Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы республикалық маңызы бар «Ашинау» каналынан алады.

Сонымен қатар Еңкес елді мекенінің тұрғыны Абдыхан Сапаров та жылыжай шаруашылығымен айналысады. А.Сапаров «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекетте жылыжай шаруашылығы бағыты бойынша несие алып, баклажан көкөнісін егіп, жаңбырлы сумен суаруда. Алдағы уақытта көкөніс өнімін еліміздің түкпір-түкпіріне саудалап, жылыжай шаруашылығын кеңейтуді жоспарлауда.

Құлтума елді мекенінің тұрғыны Бағлан Тұрманов болса бағдарлама шарапатымен ата кәсіп мал шаруашылығын қолға алған. Бүгінде, шаруа “Ауыл аманаты” жобасы аясында сүтті мал бағытында 16 бас сауын сиыр алған. Алдағы уақытта, сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейтіп, сүт өнімдерін саудалап,  кәсібін дамытуға ниетті екенін білдірді.

 Ал Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны Мұратбек Үсенбаев көрпе-жастық, төсек-жайма тігуді қолға алған. Кәсібін дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен несие алып, оған мақта, жүн, киіз түтетін құрылғы сатып алған. Сондай-ақ, цехта қыз жасауына қажетті бұйымдар мен киіз де басылады.  Атакәсіпті қайта жандандырған Мұратбектің алдағы жоспары ауқымды.  Мемлекеттің қолдауын сезінген кәсіпкер ауыл тұрғындарын жұмыс жоқ жеп қолқусырып отырмай тиімді бағдарламаларға белсене қатысуға шақырды. 

Ауданға қарасты Құркелес ауылдық округінде жұмыртқа салуға арналған қорап шығаратын цех жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер Қ.Лайбекова «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8,6 миллион теңге несие алып, кәсібін дамытып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде «SADYK-BEREKE» ЖШС-і тәулігіне 35 мың дана қорап өндіреді. 1 данасын 20 теңгеден тапсырады.  2021 жылы жұмысын бастаған зауыт  қажетті құрал-жабдықтарды Қытайдан арнайы алдыртыпты. 

Қазіргі таңда цех «Сарыағаш-Құс» ЖШС, «Бесқара» ЖШС, «Шымкент-Құс» ЖШС, «Яссы-Құс» ЖШС және «Тассай-Құс» ЖШС сынды ірі жұмыртқа өндіруші мекемелерге өз өнімдерін жеткізіп беруде. Ең бастысы, құс фабрикалары үшін қораптың бағасы тиімді. 

Айта кетсек, жұмыртқа салуға арналған қорап өндіретін цех өз жұмысын 2021 жылы бастап, бүгінде 16 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.  

Ынтымақ елді мекенінің тұрғыны  Ш.Тұрсынбаев та бүгінде жобаның арқасында жылыжай  ісімен айналысып отыр. Жеке кәсіпкер  0,10 гектар жер теліміндегі жылыжайға бірнеше көкөніс түрлерін отырғызған.  Сонымен қатар  аграрлық тауарларға арналған дүкеннің жұмысын да жүргізіп отыр.  Дүкенде көкөніс өнімдеріне арналған дәрі-дәрмек заттарын саудалауда.

«Ауыл аманаты» жобасы ауыл-аймақтарда мал шаруашылығының дамуына үлкен септігін тигізіп отыр.  Жібек жолы  ауылының тұрғыны Д.Теміров  осы мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар.   Қазіргі таңда ол  сүт   бағыттағы мал басын көбейту бойынша   “Ауыл аманаты” бағдарламасының қаржысына 8 сауын сиыр алған. Алдағы уақытта, сүтті бағыттағы  асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлауда.

Сонымен қатар, шаруа  сүттен құрт, сарымай өндіріп, жергілікті нарықта саудалауда. Кәсіпкер тәулігіне 60-80 литр сүт алуда.

Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты – ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану болып табылады. Бағдарламада жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беру көзделген. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мыңға дейін АЕК (9,2 миллион  теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мыңға дейін АЕК (29,5 миллион теңге). 

Ірі өндірістік кешен салынады
Сайрамда мал қалдықтарынан биогаз өндіретін зауыт салынбақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу