Жасөспірім спортшылар марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде сөйлеген сөзінде: Бұқаралық спортқа және балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет. Бұл – өте маңызды міндет. Себебі, бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан, мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешендер мен залдар бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысам деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек»,- дей келе спортты дамыту қажеттігін, спортшыларымызға қолдау көрсету керектігін баса айтқан болатын.
Биылғы жылды табысты тәмамдаған Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де жыл бойы Халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда топ жарып жүрген жеңімпаздарын, олардың ата-аналарын, жаттықтырушыларын марапаттады.
Бүгінде спорттың каратэ-до-шотокан, футбол, еркін және грек-рим күрестері, греплинг және садақ ату сынды түрлерінен 685 жасөспірімді тәрбиелеп отырған спорт мектебі жыл басынан бері Әлем кубогында 1 күміс және 1 қола медаль иеленсе, Азия чемпионатында 1 күміс, ел чемпионатында 5 алтын мен 4 күміс, 2 қола, Қазақстан Республикасының Кубогында 5 алтын, 4 күміс, 2 қола, Халықаралық турнирде 1 қола, Республикалық турнирде 5 алтын мен 1 күміс, 6 қола, облыс чемпионатында 4 алтын мен 6 күміс, 3 қола, облыс ашық біріншіліктерінде 138 алтын мен 111 күміс және 170 қола еншілеген.
«Спорт – ұлтқа, нәсілге, діни сенімге қарамай достыққа жұмылдыратын ерекше күш. Сіздердің әрбіріңіздің жеңістеріңіз – тынымсыз дайындық пен қажырлы еңбектің жемісі. Біз бүгінгі жетістікпен тоқтап қалмаймыз, келесі жылы бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізетін боламыз. Жаңа жыл баршаңызға табысты, жарқын жеңістерге толы жыл болсын!»,- дегенТүркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев.