Ордабасылық 12 отбасы баспаналы болды

Oinet.kz 23-12-2024 34

image.png

Ұлттық құрылтай барысында Қасым-Жомарт Тоқаев : «Баспана – жұрттың  тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын», – деп тұрғындарды баспанамен қаматасыз ету бағытында нақты тапсырма берген болатын.

Осы ретте Түркістан облысы, Ордабасы ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған жаңа баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бүгін ордабасылық 12 отбасы жаңа үйлердің кілттерін алды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.

– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осылайша, тұрғын үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы азаматтар баспаналы болды, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың сапалы әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған жаңа баспаналар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қосылған үлкен үлес екенін атап өтті. 

Жаңа заманауи баспаналар хай-тек стильде салынған, аулалар темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Тұрғын үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Әр пәтер 3 бөлмелі, жалпы алаңы 62,5 шаршы метрді құрайды. 

Сонымен қатар Бөген ауылдық округі Бөген ауылына да  табиғи газ берілді.  Облыс әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде ауыл, елді мекендерді газдандыру жұмыстары әліде жалғасын тауып, облысқа қарасты елді мекендер көгілдір отынның қызығын көретіндігін жеткізді.

Бөген ауылын табиғи газбен қамту құрылысына жауапты мердігер «Компания ГазСтрой» ЖШС 22,3 шақырымды құрайтын газ құбырының құрылысын биыл аяқтап пайдалануға берді.

Алдағы уақытта жеке тұрғын үй секторларына газ кіргізу жұмыстарының нәтижесінде Бөгендегі 712 абонент толықтай газға қосылмақ.

Шұбар ауылына табиғи газ берілді
Мәслихаттардың мерей тойына арналған біріншілік өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу