Мәслихаттардың мерей тойына арналған біріншілік өтті
Жетісай аудандық мәслихаты мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай кіші футболдан мемлекеттік қызметшілер арасында ауданның ашық біріншілігі болып өтті.
«Спорт – денсаулық кепілі» ұранымен өткен біріншілікке Жетісай аудандық мәслихаты аппаратынан, ҰҚК-нен, «Жетісай» және «Асықата» аудандық ауруханаларынан, аудандық білім бөлімінен, аудандық кірістер басқармасынан, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінен, Жетісай қаласының әкімі аппараты мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен, Атамекен-Ш.Ділдәбеков-Ж.Ералиев, Жаңа ауыл-Ынтымақ-Қарақай-Жылы су, Қызылқұм-Мақталы-Қазыбек би-Абай ауылдық округтерінен жасақталған 11 құрама команда қатысып, өзара мықтыларды анықтады.
Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен спорт ардагері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битөреев қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
Өз кезегінде жас мамандардың еңбекке деген талпыныстарын арттыру үшін әртүрлі деңгейдегі спорт сайыстарына қатысып, қимыл-қозғалыстың өмірге деген құлшыныстарын арттыратынын айқындайтын тартысты өткен жарыста алаңға шыққан аға буын өкілдері жас мамандарға әдемі ойын өрнегін көрсетіп, спорт пен еңбектің егіз екендігіне көздерін жеткізді.
Аталмыш жарыс барысында аудан прокуроры Айдархан Жүнісбеков бүгінгі қоғам дамуындағы мәслихаттардың рөлі мен маңыздылығына тоқталып, айтулы датамен жұртшылықты құттықтады. Шын мықтыларға жеңіс, төрешілерге әділдік тіледі.
Тартысты өткен жарыста өздерінің ептіліктерін танытып, командаластарымен қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан Қызылқұм-Мақталы-Қазыбек би-Абай ауылдық округтерінің құрамасы IV орынды иеленсе, Атамекен-Ш.Ділдәбеков-Ж.Ералиев ауылдық округтерінің қызметкерлерінен құралған команда ІІІ орынға, Жетісай қаласының әкімі аппараты мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің құрамасы ІІ орынға табан тіреді. Ал, жүлделі І орынды «Асықата» аудандық ауруханасының теңбіл доп шеберлері қанжығаларына байлап, жарыстың чемпионы атанды.
«Бұл жай ғана өткізе салған ойын емес, бұл – мемлекеттік қызметшілер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын, таныс арттыратын, өзара тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беретін спорттық дода. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің тек қағазбастылықпен, іс-құжаттармен ғана емес спортпен жүйелі шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын дәлелдейтін үлкен аламан» деген аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жарыс соңында жеңімпаз командалар мен түрлі номинацияға ие болған жекелеген ойыншыларды арнайы дипломдармен, кубок-медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.