Сауран ауданында интернет сапасы арттырылуда

Oinet.kz 21-12-2024 88

Президентіміз биылғы Жолдауында Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс екенін атап өтті. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет.

Screenshot_32.jpg

Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын» деді Президент Жолдауында. Бүгінгі күні Сауран ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жақсы жолға қойылып келеді. 

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен аппаратының кезекті мәжілісіне аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен басқа да мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде цифрландыру жайы қаралды. 

- Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқан еліміз үшін жаһандық жаңалықтардан шет қалмай, білім мен ғылым бәйгесінде өзара бәсекелестікті дамыту – аса маңызды. Әсіресе, халық өмірінде дендеп еніп келе жатқан жасанды интеллекті дәуірінде бұл мәселе күн тәртібінен түспейтіндігі түсінікті. Елімізде бұл бағытта «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Осы ретте өңірдің цифрлық дамуындағы жетістіктер аз емес. Бүгінде аудан әкімдігі басшылығымен соңғы жылдары денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мен құқық қорғау органдары секілді бірқатар салаларда тиімді жұмыстар іске асырылуда. Ілкімді іс бүгінде білім саласында да жалғасын тапқан, - дей келіп, аудан әкімі негізгі күн тәртібіне қойылған үш мәселеге тоқталды.

Біріншісі, отбасының цифрлық картасының Д және Е санаттағы отбасылар санын төмендету бойынша жоспарының орындалуы. Мәжіліс барысында отбасының цифрлық картасын өзектендіру бойынша жұмыс нәтижелері талқыланды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек бұл картаның басты мақсаты – мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтап, олардың жағдайын жақсартуға бағытталған қолдау көрсету екенін атап өтті. Осы мақсатта Д және Е санатындағы отбасылар санының төмендеуі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Қазіргі таңда әлеуметтік көмек көрсету процесін  бақылаудың тиімді жүйесі енгізілді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік көмекке мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтауға және олардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Екінші мәселе – мемлекеттік қызмет көрсету мен интернет байланысының сапасын арттыру. Жиында аудандық цифрландыру бөлімінің басшысы электронды қызметтердің қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу үшін қажет инфрақұрылымдық өзгерістер мен жаңартулар туралы мәлімдеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде интернет байланысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қолға алынған.

Үшінші мәселе – аудан көлемінде төтенше жағдайдың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар. Аудандық төтенше жағдайлар саласына жауапты маман аудан көлемінде табиғи және техногендік төтенше жағдайларға дайындық жұмыстарын баяндады. Қыс мезгілінің жақындауына байланысты қар құрсауынан сақтану, өрт қауіпсіздігі, су тасқыны және басқа да қауіптерге қарсы алдын алу шараларының орындалуы туралы айтылды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлар кезінде халықты ақпараттандыру және құтқару қызметтерімен үйлесімді жұмыс істеу бойынша жоспарлардың орындалуы баяндалды. 

Мәжіліс соңында аудан әкімі барлық бөлім басшылары мен мемлекеттік қызметкерлерді өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауға шақырды. Әрбір көтерілген мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріліп, атқарылатын жұмыстардың тиімділігі мен сапасы үнемі бақылауда болатындығы атап өтілді. Аудан әкімі өз сөзінде: «Ауданымыздың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін әрқайсымыздың үлесіміз маңызды. Барлық бастамалар мен жоспарлар нақты жүзеге асырылуы қажет. Әрбір қызметкер өз саласы бойынша жұмысты жедел әрі сапалы атқаруы тиіс», - деп мәлімдеді.

Қазығұрт ауданының әкімі Amanat партиясында жеке қабылдау өткізді
Сарыағаш ауданында өндіріс көлемі артып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу