Сауранда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 200 орындық жаңа орталық жұмысын бастап кетті
Президентіміз Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екенін айтты. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр.
Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалуда. «Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс» деді Мемлекет басшысы Жолдауында.
Бүгінгі күні Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Бұл облыс халқының 5 пайызын құрайды. Оның 40 мыңнан астамы әлеуметтік оңалту қызметіне мұқтаж. Бұл мәселе облыс басшылығының қолдауымен шешімін тауып келеді. Жуырда Сауран ауданында Республика күні қарсаңында 200 орындық заманауи оңалту орталығы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, маслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, сонымен қатар Сауран ауданы мен Кентау және Түркістан қаласының тұрғындары қатысты. Сол басқосуда сөз алған облыс басшысы аудан халқын айтулы мерекемен құттықтай келіп, «Түркістан облысында бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға тапсырылып жатыр. Ал бүгін жаңа «Самғау» оңалту орталығын ашқалы отырмыз. Мемлекет басшысы «Мүгедектігі бар азаматтарға жүйелі қолдау көрсету прогрессивті және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды үнемі жетілдіріп отыруымыз керек» деген болатын. Өмірдің әрбір сынағы бізді шыңдай түседі. Әрбір адам – өз өмірінің батыры! Кедергіні емес, мүмкіндікті іздеген азамат мақсатына жетеді. Орталыққа келетін әрбәр жанға ем-дом болады деген сенімдемін, қабыл алыңыздар» деп, лентасын қиған еді.
«Самғау» – тек физикалық түрде қалпына келтіруге ғана емес, рухани күш-жігер жинауға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған оңалту орталығы. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, Оранғай ауылында орналасқан «Самғау» орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған.
- Президентіміз Жолдауында Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша жағдай жасауды тапсырды. Осы ретте ауданымызда зәулім оңалту орталығы салынды. Оңалту орталығының құрылысы 2021 жылы басталып, биыл пайдалануға беріліп отыр. Жобаның жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы 12,8 мың шаршы метр. «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес құрылысы жүргізілген. Қазіргі таңда жартылай стационарлық үлгіде «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Самғау» оңалту орталығы құрылды.
Орталық заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Денені қалпына келтіру және стресс пен психосоматикалық ауруларды жеңуге арналған релаксацияның кешенді процедураларын ұсынады. Жартылай стационарлық оңалту орталығының қызметі арнаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға 6 айға дейінгі мерзімге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған. Мұнда қолданыстағы стандартқа сәйкес кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін көрсетеді, - дейді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.
Орталық басшылығы жаңа орталықта бір айдың ішінде бір мезгілде 200 адамға оңалту қызметін көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз жыл сайын 2,5 мыңға жуық мүгедектігі азамат жыл бойына жоғары сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет алу мүмкіндігіне ие болады деген сөз. Жалпы 180-ге жуық штат бөлініп, оған іргелес жатқан 3 аудан, қаланың тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Облыстың барлық аудан, қалаларында мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету үшін «TEN QOGAM» орталықтары ашылған. Amanat партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында 1426 нысан бейімделген.