Ең ұзын тоннель –Шақпақ бабада
Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылының маңында орналасқан халықаралық маңызы бар автожол тоннелі ел игілігіге пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Көлік вице-министрі Аблалиев Сәтжан, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Жамбыл облысы әкімнің орынбасары Қанатбек Мәдібек, сала мамандары мен екі облыстың ақсақалдары қатысты.
Маңызды нысанның ашылу салтанатында алғысөз алған Көлік вице-министрі тұрғындарды қуанышымен құттықтап, салада атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
– Бұл – Қазақстанның көлік инфрақұрылымы үшін маңызды оқиға. Еліміздегі алғашқы тоннель. Бүгін ашылғаннан кейін негізгі көлік ағыны Шақпақ Баба елді-мекенінің айналма жолына бағытталды. Бұл елді мекеннің ішіндегі жол қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар нысан қыста жүргізушілердің Шақпақ баба асуында қар құрсауында қалып қоймауына мүмкіндік береді, – деген Сәтжан Аблалиев жол пайдаланушыларына жайлы және қауіпсіз жол тіледі.
Басқосуда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов құттықтау сөз алып, нысанның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін біз еліміздегі ең маңызды әрі құрылысы күрделі нысанды тапсырғалы тұрмыз. Түркістан облысы мен Жамбыл облысын байланыстыратын автожол тоннелі республикадағы көлемі бойынша ең ұзын тоннель екендігін атап өткім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында еліміз Азия мен Еуропаны қосатын әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналу қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар артқарылуда. Бұл нысанды пайдалануға беру арқылы жол қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі және өңірдегі жолаушылар ағыны мен жүк айналымы артып, туризмнің дамуына әсерін тигізеді, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл құрылыс – еліміздегі автомобиль жолдары саласындағы бірегей жоба. Түркістан облысы, Шақпақ Баба асуындағы екі жолақты тоннелдің ұзындығы 840 метрді құрайды. Ені – 11 метр, биіктігі – 8 метр.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тоннелдің екі жағында жарықтандыру, желдету, дабыл беру және бағдаршамдарды реттеу үдерістерін басқаратын диспетчерлік пункттер қарастырылған. Сонымен қатар нақты уақыт режимінде тоннелді бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау және өрттен қорғау жүйелері орнатылған. Тоннелдің жанында жүргізушілер мен жолаушылар үшін жол жөндеу пункті, жанармай құю бекеті, тікұшақ алаңдары және сауда аймақтары қарастырылған.
Автожол тоннелінің ашылуы қарсаңында 100 адам және 15 бірлік арнайы техника жұмылдырып, арнайы оқу-жаттығулары өткендігін атап өткен жөн. Арнайы жаттығулар шеңберінде тоннелдің қауіпсіздік жүйелері, соның ішінде желдету және өрт сөндіру жұмыстары сыналды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде көлік құралдарын жедел сүйреу және жол-пайдалану техникасының қозғалысын ұйымдастыру бойынша іс-әрекеттер пысықталды.
Іс-шара барысында Көлік вице-министрі Аблалиев Сәтжан осы саланың дамуына елеулі үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа төсбелгі тағып, Алғыс хаттармен марапаттады. Жол қозғалысна нұсқаулық берілгеннен кейін, тоннелден автошеру жүріп өтті.
Айта кетейік, облыста 2024 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 41,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 1061,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуде.