Сайрам: Түлектер мемлекеттік қызметке орналасуда
Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімдігінің аппаратында жоғары оқу орны түлектерін мемлекеттік қызметке тарту бағытында кездесу өтті. Аталмыш басқосуға аудан әкімінің аппарат басшысы Айбек Ақылбекұлы, персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Ғани Айтқұлов және бас маман Бағлан Саятаев қатысты. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Басқосу барысында тиісті мамандар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 15-бабының 6-тармағына сәйкес, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында мемлекеттік гран иегерлеріне, (GPA балл 3,33) мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдарға осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік басшылық емес лауазымдарында конкурс өткізілместен орналасу құқығы берілгендігі туралы тәртібін түсіндірді.
Осыған байланысты, жоғарғы оқу орындарының түлектерін Сайрам ауданы әкімі аппаратына шақыру арқылы оларды мемлекеттік қызметке тарту бағытындағы тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, ниеттілер қатарынан тиісті түлектерді Қарабұлақ және Манкент ауылдық округтеріне штаттық кестедегі бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қабылдау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне келісім алуға тиісті құжаттары жолданды.