Кітап-рухани құндылық
Келес ауданында кітапханашылардың кәсіби мерекесі аталып өтті. Мерекелік шараға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев арнайы қатысып, мәртебелі мамандық иелерін мерекемен құттықтады.
- Қазақстан Республикасының Үкіметінің №833 қаулысына сәйкес алғашқы рет 24 қазан - «Кітапханашылар күні» кәсіби мереке болып күнтізбе тізіміне енді. Егемендігімізді еңселі, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында мәдениет саласының орыны ерекше, маңызы зор. Ал, ел мәдениетінің бір саласы – кітапхана. Кітап – біздің рухани құндылығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы–кітапханашылар. Мемлекетімізде кітапханашылар күні аталуының өзі - осы мамандық иелеріне деген сый - құрметтің нышаны болып отыр. Кітапхана жұмысының сан қилы әдістерін меңгеріп, кәсіби шеберліктеріңізді одан әрі шыңдап, білімді де білікті маман ретінде оқырман көңілінен шығып, олардың талаптарын қанағаттандыру бағытында еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, - деген аудан басшысы бірқатар кітапханашыларды арнайы алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік шара барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Арын Тотиков және «Аmanat» партиясының Келес аудандық филиалының атқаруашы хатшысы Ахмет Жұмабеков шыдамдылықты және білімділікті талап ететін мамандық иелеріне деген ыстық ықыластарын білдіріп өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда Келес ауданы бойынша 27 кітапхана бар. Бір аудандық, бір балалар кітапханасы, 25 ауылдық кітапхана, 58 кітапханашы оқырмандарға қызмет көрсетеді. Жалпы кітап қоры -265 813-ті құрайды.
Мереке соңы Әшірәлі Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасымен жалғасып, кітапханашылар өздерін әмбебап-өнерлі,дарынды екендіктерін көрсетіп, флешмоб биімен көрермендерді таңқалдырды.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі