Келесте 4 ауылға газ келді
Келес ауданының Бірлік ауылдық округіндегі 4 елді мекен табиғи газбен қамтылады. Бұл жобаға бюджеттен тиісті қаржы қаралып, жыл соңында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіледі. Келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Бірлік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде атап өтті.
Аудан басшысы Бірлік ауылдық округінің тұрғындарымен жыл басынан бері төртінші рет кездесті. Алдынғы кездесуде көтерілген мәселелердің шешім жолына тоқталған аудан әкімі тұрғындар сұранысы дерлік қанағаттандырылғанын мәлімдеді. Атап айтсақ, ауылдық округінің Жаңатіршілік, Бірлік, Үшағаш, Қосөткел елді мекендеріне «Абай АГТС» арқылы ішкі табиғи газ құбырларын тарту және жеткізуші газ құбырының құрылысы келесі жылы басталып, шешімін тапса, ал Үшағаш елді мекенінде 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілмек. Бұл атқарылмақ болған жұмыстарды Бірлік ауылдық округінің тұрғындары өткен кездесуде мәселе етіп көтерген болатын.
Жайылым жер мәселесіне тоқталған аудан әкімі биылғы жылы 88 мың гектар аумақты ортақ жайылымға өткізу бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Соның ішінде Бірлік ауылдық округінен 4 836 гектар жер мақсатына сай пайдаланылмай жатқаны анықталған. Алдағы уақытта тиісті зерделеу жұмыстарының нәтижесінде пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер сот арқылы ауданның арнайы жер қорына қайтарылатын болады.
Жиын барысында тұрғындар тарапы инфрақұрылым, ауылшаруашылығы саласына қатысты сұрақтарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Шешілуі күрмеулі мәселелерді аудан басшысы өз бақылауына алатынын жеткізді. Кездесу соңы жеке мәселелерін арқалап келген тұрғындарды қабыладумен жалғасты.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі