Ұлттық мерекеде марапаттау шарасы өтті
Келес ауданында 25 – қазан Республика күні мерекесі кең көлемде аталып өтілді. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аудан орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағында өткен шараға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев қатысып, қалың жұртшылықты мерекемен құттықтады.
- Сіздерді бүгінгі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. 2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынған болатын. Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту– бұл Жаңа Қазақстан өкілдерінің өз тарихи бастауын мойындауы мен ұрпақтар сабақтастығының, мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символы. Сіздерді бүгінгі мерекемен құтықтай отырып жаңа қазақ елі жарқын болашаққа бет алған Тәуелсіз Қазақстанның жолы болсын! Ұлы еліміздің ұлы тағдырын айқындаған Республика күні құтты болсын, - деген аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға мерекелік Алғыс хаттар табыстады.
Мерекелік шара барысында түрлі этнос өкілдері дайындаған көрме, жас спортшылар шеберліктерін паш етті. Талантты бүлдіршіндер өз қолдарымен еліміздің көрікті жерлерін кескіндеп, көпшілікті тәнті етті. Қайта тойланған шара барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, мерекелік жиынның көркін келтірді.