Келешегіміз келісті болсын десек сайлауға қатысайық

Oinet.kz 21-10-2022 339

Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді. Осы елдің, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу ниетімен және зор сеніммен алдағы өтетін президент сайлауына ерекше көңіл бөлемін. Әрқайсымыз өз таңдауымызды жасауымыз керек.

Screenshot_5.jpg

Сайлауға қатысу арқылы президентті ғана таңдап қоймаймыз, бұл біздің келісті келешегімізге жасаған нақты қадамымыз болып есептеледі. Сондықтан саяси маңызы зор шараға қатысып, лайықты таңдау жасау әрбір азаматымыздың құқығы әрі парызы. 

Қазіргі қоғам белсенді. Халық елде болып жатқан процестерге қызығушылық танытады. Ақпарат саласында қызмет етіп жүрген соң соңғы уақытта ел ішінде осындай бетбұрысты байқаймыз. Көпшіліктің мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты сауалдары мол. Сондықтан алдағы сайлауға барша азаматтар белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сеніммен айта аламын.

Иә, сайлауға қатысудың маңыздылығын қоғамға арнап айтып жатырмыз. Бұл насихат әрбір отбасында талқылануы тиіс. Себебі, бір жанұяны шағын мемлекет дейтін болсақ, ол мемлекеттің тағдыры осындай саяси таңдауларға тікелей байланысты. Бұл ретте кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны сияқты, елдің болашағы үшін жасалатын таңдау әрбір отбасыларда талқыланып, бір шешім негізінде іске асатын болса, онда халқымыз биліктің шынайы бастауына айналғанын білдіреді. 

Сайлаудың ерекшелігі жөнінде де айтпай кетуге болмас. Енді мемлекетіміздің президенті 7 жылға бір рет қана сайланады. Қазіргі таңда орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенті сайлауына қатысатын 6 үміткерді мақұлдады. Үгіт-насихат жұмыстары 21 қазан күні сағат 18:00-ден басталып, 18 қараша күні сағат 24:00-ге дейін жалғасады. 19 қараша тыныштық күні, 20 қараша сайлау өтеді. 

Бұдан бөлек, былтыр мемлекет басшысының бастамасымен ауыл әкімдерінің сайлауы өткен еді. Оған дейін ауыл әкімдерін аудан әкімі тағайындап келген. Сонымен бірге, алдағы бірер жылда тұрғындар өз ауданы мен облысының әкімін сайлайды. Демек бұл ретте қарапайым халықтың билікке араласуы күшейеді. Сондықтан әрбіріміз өз тағдырымыз үшін саяси науқанға қатысып, дауыс беруіміз қажет. 

Осындай сын сағатта жерлестерімді үлкен жауапкершілік жүгін бірге көтеріп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі нығайта түсуге шақырамын. Біздің даусымыз еліміздің болашағы үшін маңызды.

Елдің болашағы бізді көп толғандырып қалмастан нақты қадамдар мен харекеттер жасауға ынталандырады. Қалай болмасын елдік намыс пен мүдде басты назарда болуы тиіс. Содан да сайлаудың алдында қайтадан өз мәртебесіне ие болып уығын шаншып, шаңырағын көтеріп жатқан Қазақстан Республикасы күні көп сыр аңғартқандай. Анықтап айтқанда еліміздің әрбір азаматына отаншылдықты, ынтымақты, ұйымшылдықты, өр рухты сезіндіріп-ақ тұр. Осы бір шалқар шабытпен ел мен жерге деген шынайы жанашырлықты терең сезіне алсақ құба-құп болмақ. Бір шаңырақ астында ұйысып, бірліктің бірегей үлгісін көрсетер сын сағатқа біртабан жақындап бара жатқандаймыз. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден» - дейтін алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның ой-толғауы бүгінге бағдаршам болып тұрғандай. Кезекте осы жолды, осы сүрлеуді терең түсінбек ләзім. Сөз соңында барша жұртымызды Қазақстан Республикасы күнімен құттықтай отырып, жаңа бағыттың жаңа кезеңіне бірлікте қадам басу маңызды дегім келеді.

Мәлік ДӘУЛЕТОВ,

«Түркістан Медиа» ЖШС директоры

Бас прокуратура сайлау науқаны талаптарын бұзған үшін қандай жаза қолданылатынын түсіндірді
Әділетті Қазақстан құруға жаңа тарихи қадам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу