Ордабасыда биыл 4 мектеп пайдалануға беріледі
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма берген болатын. «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», деген Мемлекет басшысы мектеп құрылысына мемлекеттік бюджетпен бірге, жеке секторды да тарту туралы айтты. Сонымен қатар толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көшу керек екенін атап өткен болатын.
Осы ретте Ордабасы ауданында облыстық бюджеттің есебінен алты мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуін жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Төрткөл елді мекенінде салынып жатқан 300 орындық білім ошағының құрылысы 2020 жылы басталған. Онда 40-қа жуық адам еңбек етіп жатыр. Дені жергілікті тұрғындар.
Сонымен қатар, Бадам ауылдық округіне қарасты Дербес ауылындағы С. Мұқанов атындағы 300 орындық мектептің де құрылысы жыл соңында бітеді. Сондай-ақ, құрылысы 2021 жылдың шілдесінде басталған Қараспан елді мекеніндегі «Мақташы» атындағы 200 орындық жалпы орта мектептің де құрылысы аяқталуға жақын.
Өткен жылдың тамыз айында Шұбар ауылдық округіндегі Аққойлы ауылында 100 орындық «Ақбастау» мектебінің іргетасы қаланған болатын. Аталған білім ошағын мердігер мекеме қараша айында толық бітіріп, пайдалануға бермек ниетте.
Ал, аудандағы халқы 40 мыңға жуық Шұбар ауылындағы 600 орындық мектеп пен Төрткөл ауылдық округінің Қызылжар елді мекеніндегі «Қызылжар» білім ошағы 2023 жылы, жаңа оқу жылына қарсы пайдалануға берілмек.