Жәрмеңкеде талай адам жұмыс тапты
Халықтың әлеуметтік хал-ахуалының деңгейі тұрмысымен, тұрақты табысымен және жұмысымен өлшенеді. Сондықтан жұмыссыздық – мемлекеттің алдында тұрған өзекті мәселе. Бүгінде тығырыққа тіреліп, екі қолға бір жұмыс таппай сенделіп жүргендер көп. Ал Президент айтқандай «Жаңа Қазақстанды» құрудың негізгі қадамы ең алдымен кедейшілік пен жұмыссыздықты жоюдан бастау алуы тиіс. Сол себепті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың күйін түзейтін жаққа бағытталған бағдарламалар әзірлеуді тапсырған болатын. Соның бірі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба». Берілген тапсырма шеңберінде Түркістан облысының Келес ауданында нақты істер атқарылып жатыр.
Биыл Келес ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту оратылығының ұйымдастырумен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 5407 азаматты жұмыспен қамту шарасына қатыстыру жоспарланып, ағымдағы жылдың 8 айында 2890 азамат жұмыспен қамту шарасына қатыстырылып отыр. Бұл туралы аудандық халықты жұмыспен қамту оратылығының директоры Н.Темірбаева жалпы жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде мәлімдеді.
Осы орайда Келес ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 57 жұмыс беруші мекемесінен 30 тұрақты бос жұмыс орнын, жастар практикасына – 86, «Күміс жас» жобасына – 6, қоғамдық жұмыстарына 67 бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту үшін аудандағы 8 жұмыс берушіге 8 квота бекітіліп, 2 азамат жолданып отыр. Ал «Пробация есебінде тұрған» азаматтар үшін 7 жұмыс берушіге 7 квота бекітіліп, 2 азамат жолданды.
Айта кетейік, бұл жәрмеңкеден басқа, биыл бекітілген кестеге сәйкес екі рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген болатын.