Теріскейге мыңға жуық отбасы қоныс аударды
Былтыр оңтүстік өңір тұрғындары «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен Павлодар облысына қоныс аударған болатын. Ал жалпы 2021 жылы Солтүстік өңірлерге Түркістан облысынан 847 отбасы, яғни 3779 тұрғын көшіп барған. Бұл жалпы республика бойынша көшкендердің 30 пайызын құрайды. Оның ішінде Павлодар облысына – 550 отбасы (2700 адам), Солтүстік Қазақстан облысына – 206 отбасы (837 адам), Қостанай облысына – 55 отбасы (161 адам), Шығыс Қазақстан облысына – 36 отбасы (81 адам) көшкен. Олардың 1869-і еңбекке қабілетті, ал тұрақты жұмыспен қамтылғандары 1294 адам. Сонымен қатар 397 адам жеке кәсібін ашса, ал қалған 178-і үй шаруасында. Қазіргі таңда олар баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтылып, көші-қон субсидиясына ие болып отыр.
Мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударушылар қатары жыл сайын артып келеді. 2022 жылдың 7 айында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерге тағы 270 отбасы қоныс аударған. Яғни, 951 тұрғын Теріскейге көшіп, жаңа өмір бастады. Ал жалпы биыл республика бойынша жоба аясында Түркістан облысына 6424 квота бөлінген.
Түркістандықтардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған. Бұл өңірге 131 отбасы (401 адам) көшіп, бұл 42,16 пайызын құрап отыр. Солтүстік Қазақстан облысына 109 отбасы (469 адам), Қостанай облысына 23 отбасы (65 адам) көшкен. Жалпы 14,8 пайыз құрап, осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр.
Көшіп барған тұрғындармен кездесу және сондағы бос тұрған үйлер мен жерлер туралы (жайылымдарға), сондай-ақ қоныс аударушыларға жасалған жағдаймен танысу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен бір топ делегация Павлодар облысына барды. Делегеция құрамына Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері, кәсіпкерлер, әрбір аудан мен қалада көші-қонға жауапты бекітілген мамандар мен журналистер бар. Павлодар облысына ат басын бұрған жұмыс тобы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен қолдау көрсетілген отбасылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Оңтүстік өңірде жұмыссыздар саны көп болса, ал Павлодарда жұмыс күші тапшы. Оларға Теріскейде қолайлы жағдай жасалуда. Қолдауға ие болғандардың бірі – Түркістан облысы, Сарығаш ауданынан Заңғар ауылына көшіп келген Шерзат Райымбеков. Оның айтуынша солтүстікте өмір сүруге, тіршілік жасауға барлық жағдай жасалған. Тек ерінбей жұмыс істесең болғаны. Шерзат бау-бақшаның қыр-сырын жақсы меңгергендіктен жылыжаймен айналысуды жөн көрген. Кәсіпкер отбасы қияр мен қызанақтан бөлек қауын, шалғам егіпті. Бүгінде үш соттық жерден үш миллион табыс тапқан.
Павлодар ауданында да көшіп келушілердің жағдайын арттыруға арналған жұмыс қарқынды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап өңірлік квота аясында Павлодар облысына Түркістан облысынан 2700 адам келді. Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін квота бойынша Түркістан облысынан 578 адам көшіп келді. Былтыр қоныс аударушыларға 354 пәтер берілген. Тұрғындардың барлығы толығымен көшіп келіп, тұрғылықты жері бойынша тұрып жатыр. Қоныс аударушыларға берілетін субсидия 35 айлық есептік көрсеткіштен 70 айлық есеп көрсеткішке дейін төленеді. Отбасы мүшелерінің әрқайсысына 214 мың теңге беріледі. Сондай-ақ қоныс аударушыға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша материалдық көмек ұсынылады, – деді Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Байтілесова.
Бүгінгі таңда Павлодар облысы ауыл шаруашылығы мамандарына, білім саласына, дәрігерлерге, техникалық мамандықтарға және қызмет көрсету саласының мамандарына мұқтаж. Өңірлік квотоның басты шарты – әр отбасының бір мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамтамасыз ету. Сондай-ақ мұнда жұмыс беруші қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз еткен жағдайлар да болған. Өкінішке орай, биыл жоба аясында бос үйлер жоқ.
Тереңкөл ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры Әділет Жұмабекұлы Жаңабет ауылында мұғалімдер тапшы екенін айтты.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 10-ға жуық отбасы Арыс қаласынан қоныс аударды. «Еңбек» бағдарламасы аясында үш үй салынып, 6 отбасы қоныс аударды», – деді Ә. Жұмабекұлы.
Түркістандық делегация Павлодар облысының ауылдарындағы тұрғындардың жағдайын біліп қана қоймаймай, көші-қон саясатына қатысты ұсыныстарды саралады. Бұл бағытта алдағы уақытта да жұмыс жалғасын табатын болады.