Жаңа оқу жылының міндеттері айқындалды
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Жыл сайын тамыз айының соңғы аптасында педагог қауымдар бас қосып, өткен оқу жылындағы жаңалықтар мен дайындықтары пысықталады. Осы орайда, бүгін Ордабасы Аудандық Мәдениет Үйінде «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Алдымен ауданның өнертапқыш оқушыларының әдістемелік көрмесімен басталған шарада өткен оқу жылының жетістіктері бойынша дайындалған бейнеролигі көрермен назарына жол тартты.
«Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесіндегі білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»-деген аудан басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы елді мекендерде бой көтеріп жатқан білім ошақтарына тоқталып, сала қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Педагогтар бас қосқан кеңесте өткен оқу жылына есеп беріліп, жаңа оқу жылының міндеттері айқындалды. Жаңа оқу жылында оқушылар мен ұстаздарды қандай жаңалық күтіп тұрғаны бойынша Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева «Жаңа Қазақстанның білім саласындағы жаңалықтары мен өзгерістері» атты баяндамасын оқып, елдегі білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтармен таныстырды. Шара соңында білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар марапатталды.
Айта кетейік, шара барысында аудан басшысы Нұрбек Бадырақов Шұбарсу ауыл округінде 1770 орындық жеке меншік мектеп құрылысының капсула салу рәсіміне қатысты. Одан кейін “Мектепке жол” акциясы аясында Шұбарсу ауыл округіндегі аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға киім-кешек табыстады.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көрерсің» демекші, қазақ халқының ізгі қасиеттерінің бірі қайырымдылық жасау екені анық. Биыл балалар жылы аясында өткізіліп жатқан республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы Бадам ауылында жалғасын тапты.
Бадам ауылының кәсіпорындары, қоғамдастық мүшелері мен ауыл азаматтарының демеушілігі аясында өткен шараға әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке қажетті оқу құралы мен киім-кешектері үйлестірілді.
Жалпы 22 тамыз күні аудан орталығында өткен «Мектепке жол» республикалық жәрмеңкесінде демеушілер тарапынан 51 бала киінсе, бүгінгі ұйымдастырылған шарада 49 бала мектепке қажетті құрал жабдықтармен қамтылды. Игі бастама акциясы аясында «100 баланың жүздеріне қуаныш сыйлатқан демеушінің қайрымды ізгі ниетерінің ұйытқысы деп білеміз» - деген ауыл әкімінің орынбасары Н. Байбахов балалардың жақсы оқып, болашағынан үміт күттірер білімді азамат болуларына тілек білдірді.
Ауыл әкімшілігі тарапынан жыл сайын ізгілік шарасы жиі ұйымдастырылып келеді. Осындай қайырымдылық шараны ұйымдастырып демеушілік жасаған барша азаматтарға мектеп ұжымы мен ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп, мектеп құралдары салынған сөмкелерін иықтарына асынған балалар көтеріңкі көңіл күймен үйлеріне тарқасты. Ауданға қарасты елді мекендерде қайырымдылық акциясы жалғасын табады.