Мектеп құрылысы жанданды
Қасым-Жомарт Тоқаев 1 жыл бұрын республикада 800 мектеп салуды міндеттеген болатын. Бірақ бұл елдегі тапшылық мәселесін шешпейді. Қазір мектептерде әрбір баланы оқу партасымен қамтамасыз етуге қосымша 225 мың орын қажет. 2025 жылы көрсеткіш 1 млнға жетуі мүмкін. Сондықтан Президент алдағы 4 жылда мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. Жаңа мектептер құрылысына бюджеттен бөлек, жеке инвесторлардың қаражаты тартылады. Мемлекет басшысы ғылым саласын қаржыландыруға да баса көңіл бөлді. Бұл бағытта қызметкерлердің жалақысы өседі. Әрі гранттық қаржыландыру мерзімі ұзаратын болды.
Президенттің тапсырмасына сай Түлкібас ауданында мектеп құрылысы жандана бастады. Жақында аудан әкімі Нұрлан Байғұт жауапты мамандармен бірге аудан аумағындағы орта білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау мақсатында біршама білім нысандарын аралап шықты.
Бірінші кезекте құрылыс жұмыстары іске асып жатқан аудан орталығында 300 орындық Майлыкент және Абайыл ауылындағы 100 орындық Н.Қасымбеков атындағы бастауыш мектебінде болып, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Бүгінгі таңда аудан орталығындағы Майлыкент мектебінің құрылыс жұмыстары 70 пайызға(жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде), ал Абайыл ауылындағы мектептің құрылысы 90 пайызға аяқталып отыр(жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі деп күтілуде).
Аудан басшысы аралау барысында жауапты мердігер өкілдеріне қос нысанның сапалы, әрі мерзімінде аяқталуын ескертіп, Абайыл ауылындағы жаңа білім ордасының құрылысын қарқындату мақсатында жұмысшылар саның арттыруды тапсырды.
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, содан соң Нұрлан Мархабатұлы жылу жүйесінде ақаулар орын алған мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дейін кемшіліктерді жоюды тиісті бөлім басшысына тапсырды.
Бүгінде ауданымзда 9 мектептің ескірген жылу қазандықтарын ауыстыру мен жылу жүйесіндегі ақаулықтарды ретке келтіру жұмыстары іске асуда. Олар, «А.Пушкина», «А.Гайдар», «А.Оразбаев», «М.Бағысбаев», «М.Лермонтов», «Б.Момышұлы», «Дауан» және «А.Макаренко» атындағы жалпы орта мектебі.