Жұмысшы топтың алғашқы отырысы өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін 50 пайызға арттырып, алдағы бес жылда бұл көрсеткіштің 30 пайызға жетуі тиіс екенін атап өткен болатын. "Кәсіпкерлер өз ісін дамыту үшін берілетін микронесиелерді кедергісіз алуы тиіс. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, болашағы бар әр жобаға көңіл бөлуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай жақында Түркістан облысында бизнесті қорғау экожүйесін дамыту және тартымды бизнес-ахуалды қалыптастырудың кейбір мәселелері бойынша “жұмысшы топ” құрылып, оған Түркістан облысы прокурорының орынбасары Ж.Нұрғали жетекшісі болып тағайындалған болатын. Жақында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында “Жұмысшы топтың” алғашқы отырысы өтті.
Топтың басты мақсаты Президенттің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалау себептері бойынша жұмыс жасау, мемлекеттік органдардың бизнеске араласуы, рейдерлік және т.б. өзекті мәселелері бойынша талдау жасап, оны шешу жолдарын қарастыру болып табылады.
Бүгінгі отырыста топ мүшелерімен топтың жұмысы бойынша нақты қадамдары талқыланып, келесі отырысқа тиісті құзырлық органдар тарапынан кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуға ықпал ететін, сондай-ақ, мемлекеттік бақылау-қадағалауды жүзеге асыру кезінде бизнестің құқықтарының бұзылуына ықпал ететін факторларға талдау жүргізіп, оның нәтижелерін талқылап, анықталған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға шешім етті.
Сонымен қатар, топ жетекшісімен Түркістан облысының адвокаттар алқасының ғимаратында адвокаттар қауымдастығымен кәсіпкерлікке қатысты мәселелерді талқылау мақсатында кездесу ұйымдастыру ұсынылды.