Ұрпақ тәрбиесі - жалпыұлттық міндет
Жалпы, рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана. Кітапхана – сапалы білімнің сенімді кепілі. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет», – деп заңғар жазушымыз Оралхан Бөкей текке айтпаса керек.
Биылғы 2022 жылды еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялап, өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, сондықтан да өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін нақтылады. Осыған орай, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында сан алуан сала қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, өзінің саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан аяулы аналар мен ұстаздар, ардагерлердің қатысуымен «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» тақырыбында әдістемелік-конференция өткізілді.
Әдістемелік-конференциямыздың аты айтып тұрғандай өскелең ұрпақтың, жастардың бақытты балалық шағын қалыптастырып, үйлесімді дамуы мына бізбен сіздің ғана емес баршамыздың жалпыұлттық міндетіміз.
Тұтас түркі әлеміне танымал титан тұлға, заңғар жазушы Мархабат Байғұт ағамыз «Әлемді әдебиет құтқарады. Әлемнен әдебиетті алып тастасаң, сықырлаған темір ғана қалады. Ал, темір дегеніміз елді береке-бірлігінен, тыныштығынан айырып, сан соқтырып қайғыртатын қару-жарақ емес пе?!» – деген еді бір сөзінде. Бұл дегеніміз баршамызды әдебиеттен алшақтамау қажеттігін ұқтырады. Адам баласының мейірімді, иманды, саналы болуы да әдебиет әлемімен байланыста болуында.
Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда отбасында өзін еркін сезіне алмай, психологиялық қысым көріп, мектепте әлімжеттікке ұшырап, одан қала берді әлеуметтік желіге әуестеніп, түрлі ойындардың шырмауына түсіп жүрген жеткіншектер де жоқ емес. Біз, кітапханашылар балаларға кітап оқу қажеттігін насихаттаймыз. Дегенмен, осындай келеңсіздікке кезіккен баланың кітапқа деген қызығушылығының төмен болуы дау тудырмайтын құбылыс. Ал, кітап оқымаған бала – тамырсыз қаңбақ іспетті ерме болады. Балаға кітап оқыту, кітапханаға шақыру үшін, ең алдымен отбасындағы келеңсіздіктерін шешу, әлімжеттіктен қорғау, сапалы біліммен қамту, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту сияқты проблемаларын шешуіміз, жас ұрпақтың әдебиетке, мәдениетке, руханиятқа бойлап, кітап әлемімен сусындауы үшін біз барлық жағдайды жасауымыз қажет. Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасы. Бүгінгі конференциямыздың негізгі мақсаты да сол Президентіміздің тапсырмалары мен міндеттемелерін басшылыққа ала отырып, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.