Жастардың діни сауаттылығын арттыру маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Жастардың дінге байланысты қарым-қатынасы - біздің назарымыздан тыс қалып жататын маңызды мәселелердің бірі. Қазақстан барлық дәстүрлі діндерге төзімділікпен қарайтын зайырлы мемлекет және алдағы уақытта да солай бола беретіні анық. Шын мәнінде, біз шетелден келген «жалған діни стереотиптерді» емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуіміз керек» дей келе жастардың діни сауаттылығын арттыру керектігін баса айтқан болатын.
Президенттің тапсырмасына орай өңірлерде түрлі шаралар қолға алынуда. Солардың бірі жақында Шардарада өтті. Нақтырақ айтқанда дін саласындағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемсінде қаланың белсенді жастарымен Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ - нің теолог маманы Е. Сариев «Дін және жастар» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуде Е. Сариев қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде - кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі», - деп ұлағатты сөз айтты. Бұл жағдаят адам, қоғам, мемлекет дамуының маңызды қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан, мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды. Бұған қоса, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысы бар азаматтық қоғам институттарының барлығы біздің болашағымыз алдындағы жауапкершілігін түсінуі қажет. Бірінші кезекте бұл, әрине, ата - аналар мен жақын туыстарға қатысты, өйткені, тәрбиелеу ісі адамның дүниеге келген сәтінен бастау алатыны айтпаса да түсінікті. Кез келген дін, соның ішінде ислам да адамның білім алуына шектеу қоймайды. Қазіргі заманда сауаты бар адам ешқашан көш соңында қалып қоймайды. Сондықтан жастар Алла Тағала берген жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс.
Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал. Біздің қазақи көшпенді мәдениетіміз басқа мәдениеттерден көп қырлылығымен және біртұтастығымен ерекшеленеді. Бұл дегеніміз, біздің ата - бабаларымыздың дін мәселелерінде ақ - қараны айыра білсе де, дінді арнайы салаға немесе өмірдің міндетті бөлігіне айналдырмағанын аңғартады деп сөзін қорытындылады.