Сауранда 7 ауылды газбен қамтитын агтс іске қосылды
Елімізде халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі басты мәселе болып табылады. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының Сауран ауданы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының Жол картасының 2.2 Газбен қамтамасыз ету бөлімінің, 25 тармағына сәйкес 2025 жылға дейін табиғи газбен қамту жоспарлаған.
Сауран ауданы Жол картасы аясында №16 «Ескі Иқан» автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. «Бейнеу-Шымкент» магистралды газөткізгішінің 1285 шақырымындағы станция Ескі Иқан ауыл округіндегі 7 елді мекенді газбен қамтиды. АГТС-тің жалпы құны – 1248,8 млн. теңге, қуаттылығы – 33 000 м3/сағатына, жалпы ұзындығы – 11,546 шақырым. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның айтуынша, өңірде газбен қамту жұмысы қарқынды.
–«Ескі Иқан» автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы Сауран ауданындағы 7 елді мекен газбен қамтылып отыр. Жалпы 55 мың тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көреді. Енді тұрғындар заңға сәйкес, үйлеріне газды кіргізіп алулары керек. Бұдан бөлек Мақтаарал ауданындағы АГТС қуатын молайттық. Қазығұрт ауданында да бір АГТС пайдалануға беруге дайын тұр.
«Ескі Иқан» АГТС арқылы Сауран ауданындағы Ескі Иқан, Шаға, Қазақстанның 30 жылдығы, Ойық, Шоқтас, Ибата, Бершінтөбе елді мекендері табиғи газға қосылатын болады.