Түркістан облысында қант бағасы арзандаған
Ірі сауда орындары мен базарлардағы әлеуметтік азық-түлік өнімдері біршама төмендеген. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жанынан құрылған арнайы жұмысшы топтың жүргізген мониторингі барысында анықталды. Облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, партияның Түркістан қаласы филиалының Атқарушы хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев бастаған жұмысшы топ шаһардағы “Алтын Бұлақ” базарындағы азық-түлік сататын нүктелерді аралады.
Мәселен, осыдан екі апта бұрын 635-750 теңге аралығында саудаланған қанттың бағасы қазір 540-550 теңгені құрауда. Көкөніс бағасына айтарлықтай өзгеріс енбеген. Жұмысшы топ жүргізген сараптамаға сәйкес картоп 150-200 теңге аралығында болса, сәбіз 180-200 теңге көлемінде саудалануда. Ал пияз бағасы 120-150 теңге аралығын құрап отыр. Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қ.Жантөрееваның айтуынша алдағы апталарда жеке дүкендерді де аралау жоспарлануда.
- Біздің өңірдің ірі сауда нүктелерінде саудаланып жатқан көкөністердің көбі еліміздің солтүстік аймағынан жеткізілген өнімдер. Сондықтан тауардың әдеттегіден 20-30 теңгеге қымбатырақ сатылуы заңды құбылыс. Көріп тұрғанымыздай, сауда нүктелерінің алдында тұтынушылардың ұзын-сонар кезегі жоқ. Базар саудагерлері де халықтың жағдайына қарасып, тауар бағасына көптеп қосуды доғарған секілді,-дейді Қ.Жантөреқызы.
Ал, Түркістан қаласының тұрғыны С.Жақсылықова:
- Базар бағасы қарапайым халықтың қалтасына қолайлы күйде тұр. Әсіресе көкөністің бағасы бір айдан бері тұрақты. Тіпті қан бағасы төмендеген. Сөрелерде тауарлар көбейіп, базардағы бәсеке де күшейген секілді. Бұл, әрине, тауар бағасының төмендеуіне тікелей әсер етеді,- дейді.
Түркістан облысы аумағында халық жиі тұтынатын өнімдердің бағасына бақылау жүргізу мақсатында 130 адамнан жасақталған 18 жұмысшы топ құрылған болатын. Өткен айдан бері өңірдегі 88 ірі сауда орындарына мониторинг жүргізіліп келеді. Жұмысшы топ тарапынан әлеуметтік азық-түліктердің бағасын негізсіз көтермеу туралы кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.