Бір топ мәслихат депутаты екі аудан халқына қабылдау жүргізді
Кеше «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық Фракция мүшелерінің Жетісай мен Мақтаарал аудандарына жасаған сапарында партия филиалдарында азаматтарды қабылдау өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, депутаттар Нұралы Әбішев, Талғат Қаржауов, Тимур Қырықбаев, Ұлжанат Жұрымбетова, Ойрат Мамиров, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек, жауапты сала басшыларымен бірге жалпы 40-тан астам азаматтың мәселесі қаралды.
Екі ауданда көтерілген ортақ әрі жиі қайталанған мәселелер: жол салу, мектеп құрылысына қаржы бөлу, ауыз су және газбен қамту, жер дауы, дәрігерлік амбулаториялардың тапшылығы сынды өтініштер келіп түскен.
Мәселен, Машканал мен К-28 каналдарының жағдайы бойынша арыз-шағым бұған дейін де қозғалған. Облыстық мәслихат депутаттары тарапынан партия төрағасы Е.Қошановқа ұсыныс хат жіберілетін болады. Тұрғындар тарапынан Жетісай қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектепке қосымша ғимарат қажет деген мәселе көтерілді. 628 орынға шақталып соғылған мектепте 980 бала білім алуда. Тұрғындардың уәжі қосымша 300 орындық нысан салып беру. Бұл мектептің жобалық-сметалық құжаты дайын. Бюджеттен тиісті қаржы қаралса, талап-тілек орындалмақ.
Ал, Ынтымақ жалпы орта мектебінің қосымша ғимаратына күрделі жөндеу жақын арада жүргізілетін болады. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша оқушылар негізгі ғимаратта екі ауысымда оқитын болады. Осы секілді Мақтаарал ауданында да Иіржар ауылдық округіне қарасты Азамат елді-мекенінде салынып жатқан 200 орындық мектеп құрылысын биыл пайдалануға берілсе деген ұсыныс айтылды. Мектеп құрылысы жоспар бойынша аяқталып, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданысқа беріледі.
Ал Бірлік ауылдық окургіне қарасты Өркениет елді мекенінде 200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. 2023 жылға өтпелі. Облыстық мәслтхат депутаты Б.Дәулетұлы депутаттық сауал жолдап, мәселеге зерделеу жүргізбек. Жаңажол ауылдық округіне қарасты Достық, Фирдауси және Жеңіс елді мекені аралығындағы көпірі су тасқыны кезінде ауыр жүк тасымалы салдарынан жарамсыз халге жеткен. Тұрғындар көпір қайта қалпына келтірілсе дейді. Бұл бойынша аудан әкімі тарапынан қаулы шығып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аудандық елді мекендердегі дәрігерлік амбулатория құрылысы кезең-кезеңімен ашылады. «Атакент» ауруханасына қарасты 4 нысан, «Мырзакент» ауруханасына 4 нысан жалпы 8 фельдшерлік амбулаторияның құрылысына аудандық аурухана тарапынан құжаттар тапсырылған. Қаржыландыру қолдау тапса бұл мәселе де шешімін таппақ. Оның ішінде Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Төрткүл және Жамбыл елді-мекендеріндегі жарамсыз нысандарды атап өткен жөн. "Ауылдық елді мекендерді жаңарту" бағдарламасы бойынша 2023 жылға жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға енгізілді.
Мақтааралдағы қоғамдық қабылдауда Бірлік ауылдық округіне қарасты Қ.Пернебаев елді-мекенінің ішкі көшелерінің сапасы сын көтермейтіні айтылды. Аталған көше 2023-2025 жылдарға «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы бойынша жоспарға енген. Мырзакент кентіндегі Жоба 1 және Жоба 2 көшелерін табиғи газбен қамту бойынша шағымға былтыр аудандық бюджеттен 20 000,0 мың теңге қаржы қаралған. Келер жылы аталған көшелердің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді.
Мұнан бөлек, әлеуметтік мұқтаждық бойынша айтылған өтініштер қабылдау сәтінде орындалды. Жаңа оқу жылына қарсы мектепке қажетті құрал-жабдықтар депутаттардың демеушілігімен оң шешілді.